Былтыр Қазақстанға 430 мыңнан астам еңбек мигранты келген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада көші-қон қызметін көрсету орталықтарының жұмысын жетілдіру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Арман Садановтың айтуынша, жыл өткен сайын көші-қон қызметіне деген сұраныс артып келеді.

«Ішкі істер министрілігі көрсететін 40 негізгі мемлекеттік қызметтің 18-і көші-қонмен байланысты. Биыл 5 ай ішінде 4,8 млн қызмет көрсетілген. Негізінен мекенжай анықтамасы, азаматтар мен көліктерді тіркеу, тіркеу туралы анықтама беру қызметтеріне сұраныс көп», - дейді ол.

Комитет өкілі елімізде еңбек мигранты ретінде тіркелетін азаматтардың қай елдерден келетінін де айтты.

«Көші-қон қызметі комитеті 2018 жылы 16,5 млн мемлекеттік қызмет көрсетті. Былтырдан бері 16 өңірде «Азаматтарға арналған үкімет» жанынан көші-қон қызметінің орталықтары ашылған болатын. Осының арқасында шетелдіктерге қызмет көрсету деңгейі бойынша 129-орыннан 77-орынға шықтық. Қазақстанға келетін еңбек мигранттарының басым бөлігі Таяу Шығыс пен ТМД елдерінен келеді. 2018 жылы 430,4 мың шетелдік азамат еңбек мигранты ретінде тіркелді. Олардың көшін Әзербайжан, Грузия, Ресей, Молдова, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия сияқты елдер бастап тұр», - дейді Арман Саданов.

Комитет өкілінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру мақсатында шетелдік азаматтармен жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру бойынша реформалар жүргізілуі мүмкін. Әсіресе маусымдық еңбек мигрнаттарына медициналық анықтамалар алу жолдарын оңтайландыру жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар