Былтыр Қазақстанда тіркелмеген 700-ден астам дәрі-дәрмекті әкелуге рұқсат берілген

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2022 жылы елімізде 762 дәрілік препаратты бір реттік әкелуге 403 рұқсат құжаты берілді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кодексте Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ел аумағына әкелуге мүмкіндік беретін норма қамтылған. 2022 жылы уәкілетті орган 762 дәрілік препаратты бір реттік әкелуге 403 рұқсат құжатын берді. Оның арасында шектеулі контингенттің денсаулық көрсеткіштері бойынша 427 дәрілік затқа (Золгензма, Спинраза) рұқсат етілді. Сонымен қатар, сараптама жұмыстарын жүргізу үшін 152 препаратқа, клиникалық зерттеулер жүргізуге – 64, гуманитарлық көмекке – 27, Бірыңғай дистрибьютер сатып алу үшін 92 дәрі-дірмек қамтылды. атап айтқанда, «Актемра» және сирек кездесетін орфандық ауруларды емдеуге арналған басқа да препараттар әкелінді», - деді Ж.Бүркітбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қазіргі кезде елімізде 7,5 мыңға жуық дәрілік препарат пен 11 мыңнан астам медициналық бұйым тіркелген. 2022 жылы дәрі-дәрмектің 117 атауына және медициналық заттардың 164 атауына теріс қорытынды жасалды, яғни олардың нарыққа жіберілуіне рұқсат берілмеді.

Айта кетейік, жақында сенатор Ақмарал Әлназарова сапасыз дәрілік заттардың импортына тосқауыл қоюға қатысты ұсыныс айтты.


Соңғы жаңалықтар