Былтыр Қазақстанда 550 мың тонна электрондық қалдық жиналды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2021 жылы елімізде 550 мың тонна электрондық заттар, құрал-жабдықтар қалдығы шығарылды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қалдықтарды басқаруда мемлекеттік саясат департаменті өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін дамыту басқармасының басшысы Сәбит Тоқмырзаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің экология кодексіне сәйкес электрондық қалдықтарды полигондардар сақтауға тыйым салынады. Бұл талап қоршаған ортаны ластамау мақсатында қойылған. Сол сияқты кодекс талабына сай электрондық қалдықтарды шығару мен қайта өңдеуге қатысты статистика жүргізіледі. Статистикаға сәйкес былтыр елімізде 550 мың тонна электрондық қалдық жиналған. Оның ішінде 301 мың тонна қалдық өңделсе, ал 2 мың тонна қайта қолдануға жіберілді»,- деді Сәбит Тоқмырзаев электрондық қалдықтар мәселесіне арналған ұлттық форумда.

Оның айтуынша, қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу мәселелері ұлттық стандартпен бекітілген.

«Қалдықтарды тастауда алдымен қауіпсіздікке ерекше мән беріледі. Яғни адам өмірі мен қоршаған ортаға зияны басты назарға алынған. Электрондық қалдықтарды өз бетінше сақтауға, электрондық құралдар мен жабдықтарды санкцияланбаған жерде өртеуге тыйым салынады. Бұл ұлттық стандартқа сай қойылған міндет. Сонымен экология кодексіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар коммуналдық қалдықтарды жоюға жауапты. Атап айтқанда, кәсіпорындардан шығатын қалдықтарды жинау, сұрыптау, шығару, жою тағы сол сияқты», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай елордада электрондық қалдықтар, оны жинап жою мәселелеріне арналған ұлттық форум өтіп жатыр.

Айта кетсек, БҰҰ-ның оқу және ғылыми-зерттеу институтының (ЮНИТАР) деректері бойынша 2050 жылға қарай еліміздегі электрондық қалдықтың көлемі 422 мың тоннаға жетуі мүмкін. Яғни адам басына 18 келі электрондық қалдықтан келеді деген болжам жасалып отыр.


Фото: © Olivier Roche

Соңғы жаңалықтар