Былтыр елордада 4 мыңнан астам ерлі-зайыпты ажырасқан

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада жас отбасыларды қолдау және ажырасудың алдын алу бойынша бірнеше бағыттан тұратын кешенді іс-шара іске асырылып жатыр. Толығырақ Астана қаласы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша елордада 10 669 жұп некесін қиған, ал ажырасқан жұптар саны - 4 289. Жастар арасында отбасылық құндылықтарды түсіндіру, мәдениет, ұлттық дәстүр мен моральдық құндылықтар негізінде неке және отбасы институтын нығайту мақсатында біздің басқарма «Отбасы - бақыт мекені» атты ауқымды іс-шаралар кешенін жүзеге асырып жатыр», - деді Қайрат Қамбаров Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 2022 жылы отбасылық құндылықтарды насихаттау бағытында 7 бағытта кешенді шара қолға алынған.

«Жас отбасыларға арнап қарым-қатынастағы проблемалар мен дағдарыстар, оны шешу жолдары, дұрыс тәрбие, психологиялық травмадан қалай аулақ болу жолдары, табысты тұлғаны қалай тәрбиелеу керек, ажырасу және оның әлеуметтік-психологиялық салдары тақырыптарында семинар ұйымдастырылды. Оның нәтижесінде семинар-тренингтердің белсенді қатысушыларына отбасылық кешкі ас, фотосессия және аспаздық шеберлік сабақтарына сертификат табысталды», - дейді ол.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, семинарға 30 жуық ерлі-зайыпты қатысқан.

Семинарда арт-терапевтер, психологтар, қаржыгерлер және педагог-психологтар спикер болған.


Соңғы жаңалықтар