Былтыр елімізге ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорты 11,3 пайызды құраған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтыр елімізге ауыл шаруашылығы өнімдер импортының үлесі 11,3 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында «ЕАЭО және ДСҰ жағдайында отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру - заңнамалық реттеу және іс жүзіне асыру» атты парламенттік тыңдау барысында Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті.

Сөз арасында Сенат спикері отандық нарықта қазақстандық тауарларға қарағанда импорттық азық-түлік тауарлары басымдыққа ие болып отырғанын атап өтті. «Өткен жылы еліміздің сыртқы тауар айналымында ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорты 4,5 пайызды ғана құраса, импорттың үлесі 11,3 пайызды құрады», - деді Сенат Төрағасы.

Оның айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенге тиімді мемлекеттік қолдау көрсету бойынша да бірқатар проблемалар орын алып отыр. Бұл ретте спикер аграрлық секторға айтарлықтай қаржы бөлініп отырғанын, алайда олардың қайтарылымы барынша жоғары болмай отырғанын тілге тиек етті. «Топырақты өңдейтін озық технологиялардың болмауы, сапалы егіс егу материалдарының, өнім жинайтын заманауи техникалардың жетіспеушілігі салдарынан Қазақстандағы астық түсімі жалпы ЕАЭО мемлекеттерімен салыстырғанның өзінде төмен деңгейде қалып отыр. Шетелден асыл тұқымды мал сатып алынғанымен, мал шаруашылығының даму қарқыны айтарлықтай арта қойған жоқ. Отандық өнім көп жағдайда сыртқы бәсекеге, соның ішінде Ресей тауар өндірушілерімен арадағы бәсекеге төтеп бере алмай отыр», -деді Қ. Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар