Былтыр елімізде 85 еңбек дауы тіркелген

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтыр елімізде тіркелген 85 еңбек дауының 41-і оң шешілген. ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин БАҚ өкілдеріне осындай мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа қоғамдық келісім: Әділетті еңбек қатынастары» атты әлеуметтік әріптестер форумының алдында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы БАҚ өкілдеріне мұнай-газ саласындағы еңбек дауы туралы мәлімет берді.

«Былтыр елімізде 85 еңбек дауы болды. Оның көбі мұнай саласында, оның ішінде Маңғыстау облысында болды. Ол жердегі көтерілген мәселелер: еңбекақы мәселесі, қолайсыз еңбек жағдайының туындауы және жұмыс берушілердің еңбекккерлер құқығын бұзуы. Сол 85 даудың төңірегінде қарасақ, оларға мыңдаған адам қатысты деп айтуға болады», - деді ол.

Сатыбалды Дәулеталин федерация еңбек дауларын шешуге қатысы бар заңнаманы жетілдіруге белсенді атсалысып жатқандарын айтады.

«Жаңағы 85 даудың ішінде тек 41-інде ғана кәсіподағы бар кәсіпорындар болды. Біз соған қарамастан бүкіл 85 даудың шешілуіне келіссөз жүргізуге тікелей араластық. Сол араласудың арқасында, басқа да әлеуметтік әріптестердің атсалысуының арқасында даулардың 80 пайызы еңбеккердің мүддесіне, оң шешілді деп айта аламын. Бірақ бұл жерде де көптеген мәселе бар. Шынын айту керек, болған 85 даудың, ереуілдің көбі сот жүйесі бойынша заңсыз деп танылды. Себебі қазіргі таңда еңбек дауын, әсіресе ұжымдық еңбек дауын шешу біздің Еңбек кодексінде өте қиындатылған. Сондықтан қазір біз заң жобасына өз ұсыныстарымызды бердік. Соны жеңілдету мәселесін, талап қоюға кәсіподақтың тікелей араласуына жол ашатын нормалар ұсындық. Қазір ол заң Мәжілістен өтті, Сенаттың қарауныда жатыр. Егер сол Сенат шешім қабылдаса, менің ойымша, ереуілдер біздің екінші қаруымыз болар еді. Бірақ кәсіподақтар осы болған даулардың бәрін алғанда ешқашан әлеуметтік шиеленістің басында тұрған жоқ. Біз мейлінше қандай дау болса да, заң аясында шешілуіне атсалыстық», - деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.


Соңғы жаңалықтар