Былтыр аналардың 50 пайызының өмірін арашалап қалуға болар еді – министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Былтыр қаза тапқан аналардың 50 пайызының өмірін арашалап қалуға болар еді. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында аталған ведомствоның Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылы республикада ана өлімінің 54 оқиғасы тіркелді. Тексеру нәтижесінде 27 жағдайда немесе 50 пайызында ана өліміне жол бермеуге болатын еді деп танылды», - деді ол.

Сондай-ақ ол өткен жылы сәби өлім-жітімі 5,9 пайызға ұлғайғанын, дүниеге келген 1 мың сәбидің 8,4-і шетінеп кеткендігін айтты.

«Ең жоғары көрсеткіш 7 өңірде тіркеліп отыр. 2019 жылы комитет Атырау, Алматы және Ақмола өңірлеріне барып, сәби өлім-жітіміне сараптама жүргізген болатын. Сол сараптама бірқатар жүйелі проблеманы анықтап берді. Бұл медицина ұйымдары қызметінің әлсіз үйлестірілгенін, медицина қызметкерлері біліктілігінің жеткіліксіздігін дәлелдейді», - деді Лаура Ахметниязова.

Айта кетейік, алқа отырысына қатысқан Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов ана өліміне назар аударып, Денсаулық сақтау министрлігіне екі аптада ана өлімінің алдын алу шараларын әзірлеуді тапсырған болатын.


Соңғы жаңалықтар