Былтыр әлеуметтік салаға 7,5 трлн теңге бөлінді - Қаржы министрі
2022 жылғы 16 маусым 10:47

Былтыр әлеуметтік салаға 7,5 трлн теңге бөлінді - Қаржы министрі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Былтыр әлеуметтік салаға бағытталған қаражат 7,5 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті қарау кезінде Премьер- Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылы республикалық бюджеттің атқарылуы коронавирус пандемиясының әсері жағдайында жүзеге асты. Дегенмен, 2020 жылмен салыстырғанда іскерлік белсенділіктің жандануы байқалды. Жалпы ішкі өнімнің өсімі 4 пайызды құрады. Экономиканың барлық негізгі салаларында оң нәтижеге қол жеткізілді. Мәселен, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3,8 пайызға, құрылыс саласы 7,6 пайызға, көлік 3,6 пайызға, сауда 9,2 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,5 пайызға ұлғайды», - деді Е.Жамаубаев.

Сонымен қатар ол инфляция деңгейі 8,4 пайызды құрағанын еске салды.

«Жұмыссыздық 4,9 пайыз деңгейінде сақталды. Қалыптасқан ахуалда республикалық бюджеттің атқарылуы келесідей көрсеткіштермен сипатталады. Түсімдер 100,8 пайызға атқарылып, 12,7 трлн теңгені құрады. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 3,1 пайызды құрады. Шығыстар 99,2 пайызға игерілді және 15,2 трлн теңгені құрады. Әлеуметтік шығыстар 2020 жылмен салыстырғанда 910 млрд теңгеге ұлғайып, 7,5 трлн теңгені құрады. Бұл – республикалық бюджеттің жалпы көлемінің 50 пайызы», - деді министр.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT