Былтыр 800-ге жуық жамбылдық қатерлі ісіктен көз жұмған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында обыр ауруының үлес салмағы бойынша сүт безі қатерлі ісігі бірінші орынға шыққан. Бұл туралы ӨКҚ алаңында Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Абай Нұржанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, сүт безі қатерлі ісігі бойынша көрсеткіш 12,2 пайызды құрап отыр. Одан кейінгі орында өкпе қатерлі ісігі (10,0 пайыз), асқазан қатерлі ісігі (8,5%), тері қатерлі ісігі (7,9%), жатыр мойны қатерлі ісігі (5,2%), тоқ ішек, тік ішек қатерлі ісігі (4,7%) тұр.

Брифинг барысында бас дәрігер аурудың өткен жылғы көрсеткіштеріне тоқталды. Былтыр облыста обыр ауруымен тіркеуде тұрғандар саны 7652-ге жеткен. Ал бұл көрсеткіш 2019 жылы 7360 болған.

«2020 жылы облыс бойынша қатерлі ісік алғашқы рет 1414 адамнан анықталған. Өлім көрсеткішіне келсек облыс бойынша былтыр 768 науқас қайтыс болып, өлім көрсеткіші 100,0 мың адамға шаққанда 67,4 құраған. Өлім көрсеткішінің көтерілгені байқалады, оның себебі есепте тұрған адамдардың көбеюіне байланысты деп есептейміз», - деді Абай Нұржанов.

Айта кетейік, өткен жылы өңірде қатерлі ісікке алғаш шалдыққан 1414 адамның 58,2 пайызы сырқаттың I және II сатысында анықталды. Бұл – осынша науқастың қажетті емді уақтылы алса, жазылып кету мүмкіндігі жоғары деген сөз. Дәрігерлер сырқаттың алдын алу үшін тұрақты түрде тексеріліп тұруға кеңес берді.


Соңғы жаңалықтар