Былтыр 8 мыңнан астам атыраулық өзге өңірлерге емделуге барған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Былтыр 8 мыңнан астам атыраулық өзге өңірлерге емделуге барған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысында мәлім болды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиевтің мәліметінше, өткен жылы салаға 60-қа жуық маман келген. Алайда, кадр тапшылығы әлі де бар.

«Атырау облысына анестизиолог-реаниматолог, жалпы практика дәрігері, акушер-гинеколог, пульмонолог мен инфекционисттер қажет. Кадр тапшылығын төмендету үшін бір жолғы үстемақыны көбейтіп, қызметтік пәтермен қамту мәселесін шешу керек. Былтыр 846 дәрігер, оның ішінде 104 маман Израиль мен Германияда біліктілігін арттыру үшін жергілікті бюджеттен 550 млн теңге бөлінді. Қазір мемлекеттік медициналық мекемелерді арнайы техникамен жабдықтау деңгейі 92,3%-ды құрайды», -дейді Асхан Байдуалиев.

Басқарма басшысының орынбасары Қайсар Абдалиевтің мәліметінше, былтыр 8 068 атыраулық өзге өңірлерде ем алған. Оның ішінде 5 924 пациент жоспарлы түрде емделген. Жалпы емделу шығыны – 5,1 млрд теңге.

«Атырау облысында 144 медициналық қызметтің тек 30 түрі көрсетіледі. Былтыр 506 операция жасалды. Алайда, 407 пациент ота жасату үшін Астана, Алматы, Ақтөбе және өзге облыстарға барған. Биылғы екінші жартыжылдықта Атырау облысында отоларингология, урология, нейрохирургия, эндоскопиялық,онкологиялық бойынша жаңа операция түрлерін енгізу жоспарланып отыр», -деп мәлім етті Қайсар Абдалиев.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, дәрігерлердің біліктілігін жетілдіріп, тұрғындардың жергілікті мамандарға сенімін арттыру үшін жұмыс істеу қажет.

«Мен облыстағы дәрігерлердің кәсібилігіне күмән келтірмеймін. Мәселен, кардиохирургтар жүрекке отаны жасай алады. Атырауда медициналық құрал-жабдықпен қамту көрсеткіші республикалық деңгейден 9%-ға жоғары. Ендеше операцияларды Атырауда жасауға не кедергі? Аудан тұрғындарының да, жеке қабылдауыма келгендердің де сауалының басым көпшілігі денсаулық сақтау саласына қатысты қойылады. Емдеу мекемелеріндегі құрал-жабдықтарды тұрғындар денсаулығын жақсартуға тиімді пайдаланып, пациенттерге жанашырлықпен жұмыс істеу қажет», -деді Серік Шәпкенов.

Бұдан бұрын Атырауда орта мектептің директорынан туберкулез дерті анықталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар