Былтыр 68 кәсіпорын 1,5 млрд теңге жалақы қарыздарын өтеді - Бас прокуратура

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтыр прокурорлар уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, 68 кәсіпорындағы 4 мың қызметкердің 1,5 млрд теңге сомасындағы жалақы қарыздарын өтеуді қамтамасыз етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, жалақы бойынша берешекті жедел өндіріп алу үшін деректер алмасу жолға қойылған, дебиторлармен жұмыс жүргізілуде және борышкерлердің мүлкін іздеу жүріп жатыр.

«Мысалы, «Тамыр» ЖШС компаниялар тобы 243 қызметкерге 60 млн теңге қарыз болған. Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының ұсынысымен кәсіпорын қарыздарын толық төлеп, жұмыс беруші ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды», - деп жазды ведомстводан.

Шетелдік жұмыс күшін тартатын шаруашылық жүргізуші субъектілердің жұмыскерлерінің құқықтарын сақтауы да жеке бағыт. Ең көп таралған бұзушылық – отандық және шетелдік мамандардың еңбегіне ақы төлеудің теңгерімсіздігі.

«Анықталған бұзушылықтар бойынша 66 ұсыну енгізіліп, 228-ге жуық адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды, 72 млн теңгеге айыппұл салынып, әкімдіктермен 266 рұқсат қайтарып алынды және 150 шетелдік азамат елден шығарылды», - делінген хабарламада.

Онда жазылғандай, еңбек жағдайларының қауіпсіздігі мәселелері де назардан тыс қалмайды. Прокурорлардың актілері бойынша 30 мың жұмысшыға жалақыға үстемеақы белгіленді, 600-ден астам қызметкерге өтемақы төленді, қорғау құралдарымен және арнайы тамақпен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету басталды, 22 бірлік жабдықтың жұмысы тоқтатылды. Әкімшілік жауаптылыққа 226 адам тартылды.


Соңғы жаңалықтар