Былтыр 3 мыңнан астам ер адам бала күтіміне байланысты декретке шыққан

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен жылы 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты 3 мыңнан астам ер адам мемлекеттен әлеуметтік төлем алды. Бұл туралы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры АҚ бас директоры Нұрсұлу Кемел мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«1 жасқа дейінгі бала күтіміне берілетін әлеуметтік төлем ата-ананың біреуіне ғана тағайындалады. Яғни не әкесінің атына не болмаса анасының атына. Ал нақты бала күтімімен кім айналысады оны ата-ананың өздері шешеді», - деді Нұрсұлу Кемел орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Қор басшысының айтуынша, былтыр елімізде 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты 385 мың әлеуметтік төлем тағайындалды.

«Оның ішінде 3 мыңнан астамы - ер адамдар. Демек әлеуметтік төлем баланың әкесіне төленді», - дейді ол.

Спикер келтірген мәліметке сәйкес бала күтіміне берілетін әлеуметтік төлем мөлшері ата-ананың соңғы 2 жылдағы орташа айлық табысының 40% құрайды.

Егер екі және одан да көп бала туған кезде төлем әрбір балаға жеке тағайындалады.


Соңғы жаңалықтар