Былтыр 2 трлн теңгеге 160-қа жуық инвестициялық жоба іске асырылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2022 жылы елімізде 160-қа жуық инвестициялық жоба іске қосылды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша өңдіруші өнеркәсіпте оң үрдіс байқалып, жиынтық көрсеткіш 103,4%-ды құрады. Оның қатарында машина жасау саласы автокөлік құралдары, трейлерлер мен жартылай тіркемелер, электр жабдықтары, машиналар мен өзгеде жабдықтарды шығару бар. Сондай-ақ, басқа кіші салалар есебінен 9,4% деңгейінде тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Сол сияқты түсті металлургияда нақты көлем индексі 105,5% құрады», - деді Марат Қарабаев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, өткен жылы елімізде тазартылған мыс, құйма алтын, тазартылған алтын мен күмісті өндіру көлемі артқан.

«Химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 10,2% өсті. Көміртегі диоксиді, хлор, тұз қышқылы, күкірт қышқылы, сұйық аммиак өндірісінің көлемі ұлғайды. Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі тоқыма бұйымдары, киім және былғары өнімдер өндірісінің өсуі есебінен 6%-ға артты. Құрылыс материалдары өндірісінің көлемі гипс, құрылыс ерітіндісі және кірпіштер өндірісінің өсуі есебінен 1,3% өсті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 2 трлн теңгеге 160-қа жуық инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Жобалар экспорттық әлеуетті ұлғайта отырып, өндеуші өнеркәсіптік өндіріс көлемін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар