Бұйырса чемпиондық белдікті әкелеміз: Айдос Ербосынұлы ауруханадан шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Соңғы жекпе-жегінде ауыр жарақат алған кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы ауруханадан шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасында спортшының ауруханадан шыққаннан кейін жазған алғашқы видеоүндеуі жарияланды.

«Маған жанкүйер болған жандардың бәріне Алла разы болсын. Аман-саумыз, ауруханадан емделіп шықтық. Айналысып жүрген кәсібіміз – бокс – нағыз ерлердің спорты болғандықтан, мұндай жағдайлар болып тұрады. Біз ғана емес, әйгілі Пакьяолардың өзі ауруханаға талай рет түскен, мықты болып оралған. Біз де, иншалла, мықты болып ораламыз. Алла бұйырса, әлі талай жеңістерге жетеміз, чемпиондық белдікті алып келеміз», - деді Айдос Ербосынұлы.

Еске салсақ, 6 қараша күні АҚШ-та қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы (16-0, 11 КО) мен кубалық Давид Моррель (7-0, 6 КО) арасында WBA нұсқасы бойынша супер орта салмақтағы «тұрақты» әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өтіп, отандасымыз нокаутпен жеңілді. Айқастан соң боксшымыз шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Ол комаға түсті.

Боксшыға жанкүйерлермен бірге Қазақстан Президенті де қолдау білдірді.

Suleimen Promotions компаниясы бұған дейін Америкаға Айдостың жұбайы ұшып келгенін, боксшы таяу уақытта ауруханадан шығарылуы ықтимал екенін мәлімдеген еді.



Видеодан алынған кадр



Соңғы жаңалықтар