Бүйрегін ауыстырған Жәмила Байсерікова ауруханадан шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Оралдық жігіт Абзал Әділовтың бүйрегін алған Жәмила Байсерікова бүгін ауруханадан шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Дәрігерлер бойжеткеннің денсаулығы жақсы деп бағалап отыр.

Жәмиланы шығарып алуға донор жігіт Абзал, Алматыдағы «Қайырымды жандар» еріктілер тобы келді.

Жәмила қан қысымының үнемі жоғары болуынан құлағы естімей, жүре алмай қалған еді.

Қазір бойжеткен ауруханадан өз аяғымен шығып кетті.

null
«Бүйрек ауыстыру - өте күрделі операциялардың бірі. Дәл Жәмиланың жағдайына келсек, бұл пациенттің гемодиализден қалған бірқатар асқынулары болған. Жәмиланың өкпесінде сары су, перикардит, қаназдық болған. Қан қысымы өте жоғары, жүре алмай қалған, тәбеті болмаған, құлақтағы шудан есту қабілеті нашарлап кеткен. Соған қарамастын ота сәтті өтті. Бұл асқынулардың бәрі қазір жоқ. Жәмила енді гемодиализ аппаратына жатпайды, қысым түсіретін дәрі ішпейді, қан көрсеткіштері жақсара түсті. Құлағы ести бастады. Енді Жәмиланы облыстық дәрігерлерге тапсырып жатырмыз. Біздің трансплантология саласының дамығанының бір көрінісі - бүйрек алмастырған науқасты қашықтағы дәрігерлер де бақылай алады. Әрі мемлекет қажетті дәрі-дәрмекпен тегін қамтиды», - деді А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургиялық орталықтың бауыр трансплантациясы және урология бөлімінің меңгерушісі Равиль Ибрагимов.

Жәмила Байсерікова енді Шымкентте дәрігерлердің бақылауында болмақ.

Анасы мен қызын олардың туған баласындай болып кеткен Абзал Әділов Шымкентке дейін жеткізіп салмақ.

«Бірінші алла екінші қайырымды жандардың көмегі ғой. Көмектесіп жатқан барша халыққа рахметімді айтам. Бүгінге дейін хабарласып тұрған адамдар бар. Соның өзі үлкен күш. Әлі де қауіп бар. Апта сайын анализ өткізуіміз керек екен. Берген дәрілерді уақытында үзбей ішу керек. Ары қарай өмірін берсін деп жатырмын перзентімнің. Таңнан бері дайындалып жүр менің құлыным. Бұрын 2 балам бар еді. Енді менің 3 балам бар», - деді анасы Құрмангүл Құлмырзаева.

«Абзалға, маған көмектескен халыққа көп рахмет», - деді Жәмила.

Бұл оқиғаны алғаш рет ОҚО журналистері көтерген болатын.

25 жастағы Жәмиланың 2014 жылы қос бүйрегі істен шығып, отбасы қазақстандықтардан көмек сұраған еді. 2,5 жылдан бері гемодиализ аппаратына таңылып келген бойжеткенге оралдық жігіт Абзал Әділов бүйрегін тегін берді.

Соңғы жаңалықтар