БҰҰ: Жер бетінің 3/4 және мұхиттың 2/3 бөлігіне адамзат залал келтіріп отыр

Фото: None
БЕРЛИН. ҚазАқпарат – Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш климат, мұхит немесе биоалуантүрлілік бойынша түрлі конференцияларға қатысушылардың табиғатты қорғау саласындағы міндеттемелерді қабылдауға әзірлігін құптайды, бірақ бос уәделерден аулақ болуға үндейді. Бұл туралы ол қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арналған жоғары деңгейдегі жиында Бас ассамблея делегаттары алдында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ жаңалықтар орталығына сілтеме жасап.

Бас хатшы өз сөзінде тағы да дабыл қақты – қоршаған ортаның жағдайы нашарлап барады, өсімдіктер мен жануарлардың миллиондаған түрі жойылу алдында тұр, ал планета климаттың өзгеруі, алуантүрліліктің жоғалуы және ластануына байланысты үш есе дағдарысты бастан кешіп отыр.

«Бұл шығындардың басты себебі – жаһандық азық-түлік жүйесі. Жер бетінің төрттен үш, мұхиттың үштен екі бөлігіне адам әрекетінің кері әсері тиіп отыр. Жердің тозуы планетадағы 3,2 млрд адамға әсер етуде. Оның барлығына адамның өмір сүру салты, қалай өндіріп, тұтынып жүргені, қоршаған ортаны ластауы себеп», - деп атап өтті Гутерриш.

Дегенмен, жағдайды адамның өзі де түзете алады. БҰҰ басшысы бұл үшін шаралар қабылдайтын уақыт жеткенін қадап айтты.

«Табиғатқа деген көзқарасты өзгертіп, дамудың жаңа траекториясын табу керек», - деп ескертті Антониу Гутерриш. Атап айтқанда, ол жылынуды Цельсий бойынша 1,5 градус шамасында сақтау қажеттігін еске салды.

БҰҰ басшысы биыл Мысырда өтетін КС-27 – Климатқа қатысты конференцияға үлкен үміт артып отыр. Ол форумға қатысушыларды 2030 жылға қарай қалдықтар көлемін 45%-ға қысқартуға және ғасырдың ортасына қарай нөлдік эмиссияға қол жеткізуге міндеттеме алатынын күтуде.

«Бүгінгі міндеттемелер орындалса да, ағымдағы онжылдықта шығарындылар көлемінің 14%-ға артуына әкеледі. Бұл жағдай апатқа әкеп соқтырады», - деді БҰҰ Бас хатшысы.

Гутерриш сонымен қатар биоалуантүрлілікті қорғау мәселелері бойынша шешуші әрекетке, атап айтқанда, 2030 жылға қарай мұндай шараларды жылына 700 млрд долларға дейін қажетті қаржыландыруды қамтамасыз етуге үндеді.

Сонымен қатар, ол табиғатқа зиян келтіретін субсидиялардан бас тартып, оларды экологиялық таза жобаларға бағыттау қажеттігін еске салды. Мұның барлығын мәселелерді шешуге көпжақты көзқараспен ғана жасауға болады.

«Алайда біз бос уәделерден аулақ болғанымыз жөн. Өз міндеттемелерімізді нақты әрекеттермен бекітіп, оларды жүзеге асыру үшін қаржыландыруды қамтамасыз етуіміз керек», - деп ескертті А.Гутерриш.


Фото: news.un.org
Соңғы жаңалықтар