БҰҰ Жарғысындағы мұрат-мақсаттар кәдеге аспайды деген пікірмен мүлде келіспеймін - Қасым-Жомарт Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан БҰҰ-ның миссиясы мен Жарғысын берік ұстанады. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының онлайн форматта өткен 75-сессиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«COVID-19 індетін ауыздықтау аса қиын болып отыр. Әлемде жаппай қарулану үдерісі қайтадан белең алып келеді. Стратегиялық даму мақсаттарын жүзеге асыру ісі тұралап қалды. БҰҰ Жарғысында бекітілген мұрат-мақсаттар бұдан былай кәдеге аспайды деген пікір тарауда. Мен өз елімнің Президенті және БҰҰ-ның бұрынғы жоғары лауазымды тұлғасы ретінде бұл көзқараспен мүлде келіспеймін. Бұған қарамастан, біз үміт отын өшірмей, қайта оны лаулатуымыз керек; ортақ мұрат-мақсаттан бас тартпай, оған қол жеткізу үшін күш-жігерімізге тың серпін беруіміз қажет; анархияға жол бермей, халықаралық құқыққа негізделген қоғамдастық құруды жалғастыруға тиіспіз», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің атап өтуінше, бұл – өте күрделі міндеттер.

«Алдағы онжылдық 2030 жылға дейінгі орнықты дамудың Күн тәртібінде тұрған міндеттерін жүзеге асыру және қазіргі заманғы дағдарыстарды еңсерудің тиімді жолын табу үшін шешуші кезең болады. Бұл ауқымды мақсат ортақ күш-жігерді және жауапкершілікті талап етеді. Біз Бас хатшы Антониу Гутерриштің табанды көшбасшылық қызметіне ризашылық білдіреміз. Сондай-ақ, оның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тиімділікті, ашықтық пен айқындықты арттыру жөніндегі қазіргі жұмысына қолдау көрсетеміз»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан БҰҰ-ның миссиясы мен Жарғысын берік ұстанатындығын баса айтты.

«Сонымен қатар, еліміз тұрақты, әділетті және өркендеген әлем құру жолындағы ортақ міндетті жүзеге асыруға атсалысады. Біріккен Ұлттар Ұйымы ауқымды әрі бірден-бір әмбебап халықаралық ұйым ретінде шын мәнінде баламасыз болып қала беретініне сенімдімін», - деді Қазақстан Президенті.

Еске салайық, бүгін Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 75-сессиясы өтті. Онда Қ.Тоқаев шара қатысушыларына бейнеүндеу жолдады.


Соңғы жаңалықтар