БҰҰ жанынан әл-Фарабиді зерттейтін тұрақты бөлім ашу жоспарланып отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаһандық мәселелердің ушығуы қазіргі әлем дамуының айқын сипаты болып табылады. Экстремизм мен лаңкестіктің қарқынды таралуы, этносаяси шиеленістер, экономикалық дағдарыс пен қоршаған ортаның ластануы әлемнің тұрақты дамуы мен өркениетті сақтауға кері әсер етіп отырғаны шындық.

Ел Президенті Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жаңа жаһандық кезең жайлы сөз ете келе,  «Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағи­да­ларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді» деп ескертті. Осы маңызды істе академиялық орта мен университеттердің атқарар рөлі зор.
null

Қыркүйек айында Нью-Йоркте (АҚШ) БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысы қарсаңында БҰҰ Өркениеттер Альянсі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Әл-Фараби - өркениет философы» арнайы секциясын ашады. Бұл туралы жуырда БҰҰ Өркениеттер Альянсінің Жоғарғы өкілі Насир Абдулазиз әл-Насердің әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сапары барысында келісілді.

Бастамаға әл-Фарабидің «...адамдар мен халықтардың бірігуі және өзара көмегі арқылы ғана бақытқа жетуге болады» деген басты идеясы негіз болған. Халықаралық жоғары деңгейдегі кездесу Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық идеяларына және олардың өркениеттің дамуына тигізетін ықпалына арналады. Бүгінгі таңда оның дүниетанымы мен идеялары аса өзекті және бүкіл адамзатқа жаһандық рухани дағдарысты жеңуге және заманауи ізгілікті қоғам құруға көмектесе алады.   

Шара барысында әл-Фараби еңбектеріндегі бейбітшілік, қайырымдылық пен адалдық идеяларын жастар арасында кеңінен тарату мен таныту үшін университеттерді біріктіруді мақсат еткен «Ізгілікті қоғам азаматтарын қалыптастыру» халықаралық бірегей жобасының тұсауы кесіледі.

Шығыс пен Батыс философиясын байланыстырушы әл-Фараби мұраларының терең зерттелуі мен насихатталуы - академиялық ортаны жаһандық мәселелерді шешу жолдарын іздестіру мақсатына біріктіруге мүмкіндік береді. Сондықтан да БҰҰ Өркениеттер Альянсі жанынан әл-Фарабиді зерттеу бойынша тұрақты бөлім ашу жоспарлануда. Қазір мұндай әл-Фараби ғылыми орталықтары Ыстанбұл және Иордан университеттерінде табысты жұмыс істеуде.

БҰҰ Өркениеттер Альянсі мен ҚазҰУ өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, ЮНЕСКО қолдауымен 2020 жылды - әл-Фараби жылы деп жариялау және әлемдік деңгейдегі ұлы ойшылдың 1150 жылдық мерейтойы құрметіне шаралар өткізу туралы бастаманы ұсынды.  

Соңғы жаңалықтар