БҰҰ Солтүстік Кореяға бұрын-соңды болмаған санкция жариялады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Пхеньянның жауапсыз саясаты мен ғаламшардың ядросыз болашағын қамтамасыз ету жөніндегі ұжымдық күш-жігерге нұқсан келтіретін арандатушылық әрекеттерін жаппай айыптауды қолдайды. Бұл туралы Қазақстан өкілі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«КХДР зымырандық және ядролық бағдарламалар қатері барлық мүдделес тараптарға келіссөздер процесін жаңарту арқылы өзара қолайлы шешімді табу бойынша бірлескен күш-жігерді жандандыру қажеттігін тудыруда. Қазақстандық дипломатияның бағамдауынша, бұл мәселені күшпен емес, диалог арқылы ғана шешуге болады», - делінген ҚР СІМ баспасөз қызметі таратқан Қазақстан мәлімдемесінде.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырыста КХДР Кеңестің барлық қарарларын бұзатын ядролық бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыруына жауап ретінде бірауыздан жаңа қарар қабылдады.

2 371 қарар (2017) балиистикалық зымыран сынағына жауап ретінде қолданылған шаралар ішіндегі ең қатал санкцияларды қамтиды. Бұл шаралар Солтүстік Кореяның негізгі экспортына бағытталған және онда көмір экспортына (Солтүстік Кореяның сыртқы табысының ең ірі көзі), темір, темір кені, қорғасын, қорғасын кені және теңіз өнімдерінің экспортына толығымен тыйым салынды. Одан бөлек, аталған қарар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бұрын қабылданған қарарларын бұзған КХДР жеке және заңды тұлғаларының санкциялық тізімін кеңейтеді.

Бұрын-соңды болмаған мұндай санкциялық шаралар Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын әрі қарай жалғастыруға арналған қаржылық мүмкіндіктерді шектеу мақсатында оның валюталық кірісін (шамамен үштен біріне дейін) қысқартуды көздейді.

Соңғы жаңалықтар