БҰҰ сессиясына келген президенттерге қандай ас мәзірі ұсынылады

None
None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – БҰҰ сессиясына келген көптеген мемлекет және үкімет басшылары Бас Ассамблея мінберінде сөз сөйлеп, көптеген отырыстарға, іс-шараларға қатысуда, екіжақты кездесулер өткізуде. Бірақ жыл сайын олардың бейресми ортада әңгімелесу мүмкіндігі бар. Сессияның алғашқы күні жоғары мәртебелі қонақтар түскі асқа шақырылады. Әлем елдері басшыларына асты кім әзірлейді әрі қандай тамақ берілетіне БҰҰ сайты шолу жасады.

БҰҰ бас аспазы Дэн Лопес БҰҰ хатшылығының Нью-Йорктегі қызметкерлерінің күнделікті тамағына жауапты. Жыл сайын қыркүйекте БҰҰ аспаздары Бас Ассамблеяға келген әртүрлі мемлекет және үкімет басшыларына арнап түскі ас әзірлейді. Лопестің айтуынша, осы бір күнгі ас дайныдау оның күнделікті жұмысынан қиын болмаса, оңай емес.

«170-190 мемлекет басшысына ұсынылатын асты әзірлегеннен бір мезетте төрт мың адамның қарнын тойғызған оңайырақ. Өйткені әдетте қауіпсіздік талабы мұншалықты қатаң болмайды», - дейді ол.

Мәзір туралы кім шешім қабылдайды?

Әр елдің басшысы – әр алуан мәдениеттің адамы. Олардың ұлттық тағам дәстүрлері де, жеке бастарының талғамы да әркелкі болатыны түсінікті. Аспаз соның бәрінің көңілінен қалай шығып жүр? Дэн Лопес осыны да таратып айтты.

«Негізінде біз Хаттама қызметінің нұсқауларына сүйенеміз. Менің міндетім – бірнеше түрлі жеңіл тамақ, негізгі тамақ және тәттілер әзірлеу. Хаттама қызметкерлері шараптар мен тамақтың дәмін татып көреді, ланчқа не әзірлейтінімізді айтады», - деді бас аспаз.

Президенттер қандай тағамдарды ұнатады?

Дэн Лопестің сөзіне қарағанда, кейде дегустация мен талқылау төрт сағатқа дейін созылатын көрінеді. Негізгі мәзірден тыс, өзі бас болып әріптестерімен бірге белгілі бір диета ұстайтындарға арнайы тамақ пісіреді.

«БҰҰ-да олар көбінесе француз асханасын ұнатады. Біз veal en papillote, chicken mousseline, фуа гра әзірледік. Президенттер қойдың етін, жас малдың етін сүйсініп жейді, филе миньонды ұнатады, әйтеуір мен осында жұмыс істегелі 15 жылдан бері осылар мәзірде болды. Біз мұнда балықтан тамақ пісіреміз, вегетариан астарын әзірлейміз».

Бәрінің бірдей көңілінен шығу үшін әр алуан ұлттың асханасын білу қажет. БҰҰ бас аспазы да біраз елді аралаған: Италияда болған, Франция, Бельгияны аралаған, Қытайға барған.

Президенттердің түскі асы БҰҰ жаңа мәзірі талқыланатын қаңтар айынан бастап ойда жүреді. Маусымға дейін тағамдардың алдын ала тізімі анықталады, ал шілденің аяғына қарай Хаттама қызметкерлерімен бірге соңғы шешім қабылданады. Дэн Лопес асқа дайындық екі күн бұрын басталатынын да айтты.

Әлем лидерлерінің түскі асын кім ұйымдастырады?

Фернандо Баркин аттай 20 жылдан бері осынау ұлан-асыр асты ұйымдастырып келеді. Баркиннің айтуынша, жыл бойғы жұмыстың ең қауырт шағы – осы кез. «АҚШ президентіне тамақ берерде қауіпсіздік шаралары барынша қатаяды. Азық-түлік тиелген жүк көліктері БҰҰ аумағына тек таңғы төрт пен алтының арасында ғана кіре алады», - дейді ол.

«Ас берілетін күні жұмысқа таңғы бесте келемін, ал түстен кейін жылдам асхананы ретке келтіруге кірісемін. Өйткені ол жерде басқа іс-шаралар да болып жатады», - дейді Баркин. Асхананы ретке келтіру үшін таңға дейін жұмыс істеуге тура келуі мүмкін. Кейде Баркин БҰҰ-да қонып қалады, үйіне тек душқа түсіп, бір шыныаяқ кофе ішу үшін ғана барады.

Аспаздардың өздері не ойлайды?

Дэн Лопесті, оның әріптестерін осыншама жауапты оқиға қаншалықты абыржытады? «Ас тартылатын күні толқитынымыз анық қой. Өйткені барлығын бүге-шігесіне шейін ұмытпай қызмет ету керек. Бірақ біз үнемі оның үдесінен шығамыз, тіпті оқыс жағдайларға да дайын тұрамыз. Командам мықты, оларға әрдайым арқа сүйеуге болады», - дейді Лопес.

Әлем басшыларының қызметінде жүргендердің бірі – метрдотель Мұхамед Махер. Ол неше президентке ас тартқанын ұмытып та қалыпты. «Есімде, президент Клинтон үнемі әзілдесетін. Әсіресе Қытай президентімен және Бас хатшымен. Біз де онымен бір-екі рет әзілдескенбіз», - деп мәз болады Махер.

Мұхамедтің басты міндеті – даяшыларға бас болу, ас кезегі артық шусыз өтуін ұйымдастыру, жоғары мәртебелі қонақтарға шарап пен тіскебасар дер кезінде тартылуын қадағалау. «Біздің бағымыз жанды, өйткені мемлекет басшыларына қызмет етеміз. Көз алдыңда күллі әлем тұрғандай сезінесің. Бұл біз үшін зор абырой, сондықтан олар разы болуы үшін барымызды саламыз», - деп ағынан жарылды.

Даяшылар мен хаттама қызметкерлері БҰҰ Бас Ассамблеясындағы делегация басшыларына түскі ас беру үшін дастарқан жайып жатыр.

Фото: БҰҰ/К.Хотон.

Соңғы жаңалықтар