БҰҰ сайты қазақстандық дәрігер туралы жазды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алтынай Қарағойшиева Алматыдағы перзентханалардың бірінде акушер-гинеколог болып жұмыс істейді. Мұнда қазір коронавируспен ауыратын әйелдер әкелінеді. Ол әрқашан өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Бірақ бүгінде Алтынай босанған әйелдер мен жаңа туған сәбилер үшін ғана емес, сонымен қатар өз отбасына да ауру жұқтырмауы үшін жауапты, деп жазады БҰҰ жаңалықтары.

Алтынай Қарағойшиева Алматы қаласындағы №1 қалалық перзентхананың босандыру бөлімінде 15 жылдан бері акушер-гинеколог болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, бұл перзентхана COVID-19 жұқтыруы мүмкін жүкті әйелдерді босандыратын оқшаулау орны ретінде таңдалғанда, ол бір сәт те ойланбастан, өз қызметінде қалуға бел буған.

Қазақстанда COVID-19 жұқтырудың алғашқы жағдайлары осы жылдың наурыз айында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында анықталды. Індет анықталған алғашқы күндері билік ДДҰ қолдауымен медицина қызметкерлерін пандемия жағдайында жұмыс істеуге дайындауға арналған оқу курстарын ұйымдастырды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының жұқпалы аурулар жөніндегі мамандары Алтынай жұмыс істейтін перзентхана қызметкерлерін оқытты. Онда жаңа инфекциядан қорғану және COVID-19 індетіне шалдыққан адамдарға көмек көрсету бойынша оқыды.

«Келесі күні таңғы алтыдан бастап бізге COVID-19 диагнозы расталған адамдармен тығыз байланыста болған әйелдер келіп түсе бастады, – деп еске алады Алтынай. – Екі күннен кейін бізге карантиндегі жүкті әйелдер келіп түсе бастады, олардың көпшілігінің жаңа коронавируске тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен. Бұл күні мен төрт әйелді босандырып алдым: үшеуі табиғи жолмен, ал біреуі кесарь тілігі арқылы босанды. Осы әйелдердің барлығы COVID-19 жұқтырған».

Алтынайдың айтуынша, пандемия босанатын әйелдерге көмек көрсету процесін қиындатқан. Мысалы, бүгінде медбикелер саны қысқарғандықтан, босанатын әйелдерді эмоционалды түрде қолдауға уақыт жетпейді. Толғақ кезінде ауырсынуды сезінетін әйелдер өздерін жалғыз сезінеді. Медицина қызметкерлерінің өздері де өзінің және балаларының денсаулығына алаңдайды.

«Мен перзентханада ауру жұқтырған пациенттермен жұмыс істеуден қорықпаймын, бірақ өз отбасым мен балаларым үшін уайымдаймын. Босанған ана мен жаңа туған сәбидің жағдайлары жақсы екенін көргенде, өз уайымымды жеңу оңай болады», - дейді Алтынай Қарағойшиева.

Оған тәулігіне 24 сағаттан қорғаныш костюмімен және маскамен жұмыс істеуге тура келеді. Бұл оңай емес.

«Кейде үнемі маска тағу мен респиратор қолданғаннан тері көгеріп, қызарады. Ал кейбір әріптестерімде ондай заттарға аллергия бар. Масканы үнемі ауыстырып отыру керек, себебі олар ылғалды болады. Бұл – бүкіл әлемдегі медицина қызметкерлері үшін қиын уақыт. Сонымен қатар, біз бәріне ортақ проблемамен бетпе-бет келдік», - дейді дәрігер.

Алтынайға ауруханада жұмыс істеген ұнайды.

«Мен өте төзімді адам екенмін. Қиындықтарды жеңе отырып, өз жұмысымды жалғастырғым келеді. Бұл оңай шаруа емес, бірақ анасы баласын құшақтап, саған алғысын айтқанда, барлық қиындық ұмытылады», - дейді Алтынай.


Соңғы жаңалықтар