БҰҰ сарапшысы атанып, мүгедектерге қолдау көрсеткім келеді - Владислав Трифонов

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - «100 жаңа есім» жобасына енген екі маңғыстаулықтың бірі - Владислав Трифонов. Маңғыстау облысы әкімінің мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі кеңесшісі 100 есім жобасына қалай қатысқаны жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне әңгімелеп берді.

Владислав Трифонов қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ерекше күтімге мұқтаж жандарға көмек көрсетіп келеді. Ол үшін «100 жаңа есімге» ену күтпеген жаңалық болған.

Владислав Трифонов І топтағы мүгедек бола тұра, әрбір адамға пайдасын тигізуді ойлайды. Ол 2006 жылы ерекше күтімді қажет ететіндердің құқықтарын қорғау бағытында қоғамдық қор құрған. 10 жылдың ішінде бірнеше әлеуметтік жобаны жүзеге асырды.

«Расында мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі қай жерде де өзекті. Сондықтан, осы санаттағы адамдарға көбірек көңіл бөлінуі тиіс. Оларға қолымнан келгенше әрқашан қол ұшымды созуға дайынмын», - дейді ол.

Тағдырдың кез-келген сынағына төзе білу - Владислав Трифоновтың өмірлік ұстанымы. Ол үздік 100 жаңа есімнің тізіміне тынымсыз еңбегінің арқасында еніп отыр. 1 желтоқсан күні Владислав үздік өзге сала өкілдерімен бірге Елбасымен кездесіп келді. Бізбен кездесуден алған әсерімен бөлісті.   

«Елбасымен кездесуде ерекше бір күйде болдым. Бір емес, өзімдей 100 тұлғамен танысу және олармен айтылған әңгіме өте әсерлі болды. Форумда Президент «егер бір жерде 1 минут тоқтап қалсаң, алға ұмтылуға деген талпынысың баяулап қалуы мүмкін» дегенді айтты. Сондықтан, мен бұл пікірге қосыламын. Айтарым, менің де алға қойған жоспарым көп. Мен халықаралық деңгейге жетіп, БҰҰ-ның мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету жөніндегі сарапшысы болуды көздеп жүрмін»-,дейді Владислав Трифонов.

Жаңа жобаға «Қоғам» санаты бойынша барлығы 30 тұлға лайық деп танылған. Енді еліміздің алтын қорына енетін 100 тұлғаның ішінде маңғыстаулық Владислав Трифонов та бар. Яғни, ол - Тәуелсіздік толқынында ел дамуына еңбек сіңірген, еңбек жолымен көпке үлгі болған жаңа есімдердің бірі.

Соңғы жаңалықтар