БҰҰ өкілдері қазақстандық дәрігерлерді құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - БҰҰ Қазақстандағы агенттіктерінің басшылары дәрігерлер мен барлық денсаулық сақтау саласындағы батырларға құттықтау жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл Қазақстандағы медицина қызметкерлері күні айрықша қиын жағдаймен тұспа-тұс келді. БҰҰ жүйесі атынан және өз атымнан қауіпті вируспен күресіп жатқан барлық денсаулық сақтау қызметкерлеріне шын жүректен алғыс айтқым келеді. БҰҰ құрылған сәттен бастап біз денсаулыққа, адами капиталға, әлеуметтік және экономикалық дамуға салынған инвестицияның - болашаққа салынған инвестиция екенін тағы да растаймыз. БҰҰ жүйесі Қазақстанның пандемияға қарсы жасаған барлық шараларын қолдайды. Құрметті денсаулық сақтау саласының батырлары, біз сіздермен біргеміз және сіздерге үлкен сенім артамыз! Сіздердің батылдықтарыңыз үшін, қызметке адалдық пен кәсібилігіңіз үшін рахмет айтамыз», - деді БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура.

Сонымен бірге БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш бүгінгі күнді заманауи батырларға құрмет көрсететін күн деп атады.

«Барлық дәрігерлер мен санитарларға, медициналық қызметкерлерге өлшеусіз еңбегі үшін алғысым шексіз», - деді ол.

«Біздің балаларымыздың денсаулығы, болашақ ұрпағымыздың денсаулығы сіздердің қолдарыңызда. Сіздердің кәсіпқойлығыңыз бен кәсіпке деген адалдығыңыз пандемия кезінде ерекше байқалады. Медицина қызметкерлерінің барлығына үлкен қиындыққа төтеп беріп, Қазақстан азаматтарының денсаулығын қорғауға атсалысып жүргендіктеріне шын жүректен ризашылық білдіргім келеді», - дейді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур Ван Дизен.

Айта кетейік, Қазақстанда жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлері күні тойланады.

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазақстандық медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.



Соңғы жаңалықтар