БҰҰ миссиясында Қазақстан бітімгерлеріне төленетін еңбекақы мөлшері белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ миссиясындағы қазақстандық бітімгерші-жауынгерлер Ливанға бағытталады. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«БҰҰ бітімгерлік миссиялары - ол әскери байқаушылар мен офицерлер. Біз олардың санын арттырып, бағыттайтын жердің географиясын кеңейтіп жатырмыз. Бұл біз көп жылдан бері дайындап келе жатқан бітімгерлік бағыт болып отыр. Әскерилер БҰҰ стандарттарына сәйкес тиісті дайындықтан өтті», - деді ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін.

Осы орайда министр еліміздің сарбаздары Үндістандағы БҰҰ оқыту бөлімінде даярлықтан өткендігін нақтылады.

«Біздің бөлімше толықтай дайын, жеке құрам іріктелді. Сонымен қатар қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етуге қатысты барлық мәселе шешілді. Сарбаздарды күзде бағыттайтын боламыз», - деді С. Жасұзақов.

Өз кезегінде Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров біздің әскерилер Ливанға баратынын жеткізді. Бітімгерлік қызмет туралы заңнамаға сәйкес, миссияның әрбір қатысушысына еңбекақы үш есе артық көлемде төленеді.

«Егер де келісімшарттағы сарбаз бізде 100 мың теңге еңбекақы алса, оларға бітімгерлік миссияда ай сайын 300 мың теңге төленеді. Оған қосымша БҰҰ-дан да төлемдер қарастырылған, шамамен айына 1 410 доллар бөлінеді. Сондай-ақ тәуліктік ақы екі долларға жуық соманы құрайды», - деді Т. Мұхтаров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Елбасының офицерлерді БҰҰ миссиясына жіберу туралы ұсынысын қолдады. 

Бұдан бөлек, Қазақстан Ливандағы бітімгерші-жауынгерлердің санын 120 адамға дейін ұлғайтатын болады. 

Соңғы жаңалықтар