БҰҰ миссиясына бағытталатын Қазақстан бітімгерлері бірнеше тілді меңгерген - Талғат Мұхтаров

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазполк» БҰҰ стандарттарымен дайындықтан өтті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үстіміздегі жылғы 15 маусымда еліміздің Парламенті ҚР Конституциясының 53-бабына сәйкес, 40 адамға дейін әскери бақылаушылар мен штаб офицерлерін БҰҰ-ның бірқатар бітімгершілік миссияларына жіберу шешімін жасады. Сонымен қатар 120 адамға дейінгі бітімгершілік ротаны Ливандағы БҰҰ-ның Уақытша Күштерінің құрамына жіберу жолымен бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін бағыттау туралы шешім қабылдады», - деді Т. Мұхтаров.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде «Қазполк» БҰҰ стандарттарымен дайындықтан өтті.

«Қазполк» әскери қызметшілері ағылшын, түрік, неміс және араб тілдерін емін-еркін меңгерген. Сонымен бірге, теориялық және тәжірибелік дайындықтары түрлі байқаулар, семинарлар мен оқу-жаттығулармен шыңдалды. Бұл шаралар Қазақстаннан бөлек АҚШ, Ұлыбритания, Түркия, Германия, Франция, Үндістан, Пәкістан және басқа да елдерде ұйымдастырылды», - деді Мұхтаров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биылғы 15 маусымда Парламент Президенттің 40 офицерді БҰҰ миссиясына жіберу туралы ұсынысын қолдады.

Қазақстанның 120-ға жуық әскери қызметшісі Ливандағы миссияға қатысады.

БҰҰ миссиясында Қазақстан бітімгерлеріне төленетін еңбекақы мөлшері белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар