БҰҰ ҚР ІІМ реформасына сараптама жасайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің Ішкі істер министрлігіндегі реформаға сараптама жасау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшысы келеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы - Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Қазіргі уақытта ішкі істер органдарында Мемлекет басшысының бастамасымен реформа жүргізіліп жатыр. Бұл қызметкерлерінің арасында өз ісінің білікті мамандары жеткілікті. Дегенмен бүгінгі отырыста ішкі істер органдары қызметкерлері құқықтарының сақталуын талқыламақпыз", -деді ол комиссия отырысы алдында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Осы орайда комиссия төрағасы елімізге БҰҰ-ның сарапшысы келетіндігін айтты. Шетелдік сарапшы Ішкі істер министрлігінде жүргізілген реформа процесін зерделеп, сараптама жасайтын болады.

"Ішкі істер органдарының көптеген бағыттары бойынша БҰҰ баяндамашысымен кездесуге дайындалып жатыр. Оның Қазақстанға келуі мамыр-маусым айына жоспарланған. Аталған баяндамашы құқық қорғау, сот органдарындағы адам құқығының сақталуына сараптама жасайтын болады. Ол біздің реформамызды зерделеп, одан кейін соның негізінде сараптама жасайды", - деді Қ.Сұлтанов.

Айта кетейік, бүгінгі отырыста ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер органдары қызметкерлерінің әлеуметтік-құқықтық қорғалуы жайында баяндама жасады.

Соңғы жаңалықтар