БҰҰ ҚК төрағасы: Астана процесін тағатсыздана күтудеміз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда дүйсенбі күні Астанада ұйымдастырылатын кездесуді тағатсыздана күтудеміз. Бұл жайында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы БҰҰ-дағы Швецияның тұрақты өкілі Олаф Скуг 20 қаңтар күнгі кеңес отырысының қорытындысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз Сириядағы ахуал төңірегінде, оның ішінде №2336 қарардың орындалуы мен алдағы Астанада болатын кездесу жайында пікір алмастық. Біз Ресей мен Түркияның зорлық-зомбылықты тыю, соғыс отын тоқтату режімін құру және БҰҰ қамқорлығымен саяси процеске серпін беру күш-жігеріне қолдау білдіреміз. Біз барлық тарапты Сириядағы соғысты тоқтату режімін сақтауға шақырдық», - деді БҰҰ ҚК басшысы.

Сонымен қатар ол тараптарды гуманитарлық ұйымдардың Сирияның барлық аумағына шұғыл, қауіпсіз және кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге шақырғандықтарын атап өтті.

«Біз ДАИШ-тың Сириядағы тағылық террорлық актілерді жалғастыруын, соның ішінде Пальмирадағы ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енгізілген Рим театры сынды мәдени мұраларды талқандауын түбегейлі айыптадық. Қазақстан дүйсенбі күні Астанада ұйымдастыратын кездесуді тағатсыздана күтудеміз. Оны сириялық саяси процестің маңызды бөлігі және 8 ақпанда Женевада БҰҰ қамқорлығымен қайта жаңғыртылатын сирияішілік келіссөздердің маңызды қадамы ретінде қарастырамыз», - деді Олаф Скуг.

Естеріңізге сала кетсек, Сириядағы ахуалды реттеу бойынша халықаралық келіссөздер 23 қаңтар күні Астанада өтеді.

Соңғы жаңалықтар