БҰҰ Қазақстанның цифрлық үкіметінің дамуына жоғары баға берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның цифрлық үкіметті дамыту жұмысына БҰҰ тарапынан баға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 28 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясында электронды үкіметті дамыту индексі бойынша 2022 жылдың қорытындысы жарияланды. Жүргізілген рейтингке сәйкес әлем елдерінде цифрлы және электронды үкімет қызметі саласында ілгерілеу бар. Оң өзгеріс Қазақстанға да қатысты. Қазақстан индекстің төрт кластері бойынша ең жоғары позицияда тұр. Сонымен қатар электронды үкіметті дамытуда көшбасшы елдердің бірі. Қазақстанды «very high» және «very, very high» деңгейіне жақын деуге болады. Одан бөлек, электронды үкіметтің онлайн сервис индексі бойынша да сіздің еліңіз ең жоғары балл алды. Қазақстанның онлайн қызметтер сервисін дамыту индексі бойынша үздік тәжірибесі бар», - деді Біріккен Ұлттар Ұйымының цифрлық үкімет, экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің басшысы Винченцо Акварио елордада өткен жиында.

Дегенмен БҰҰ өкілінің айтуынша, аталған сала бойынша дамытуды қажет ететін тұстар да баршылық.

«Қазақстанның үздік елдер қатарына қосылуын тежейтін жалғыз нәрсе - телекоммуникация инфрақұрылымының көрсеткіштері», - дейді ол.

Ведомство түсіндіргендей, телекоммуникация инфрақұрылымы кеңжолақты байланысты білдіреді.

Сондай-ақ, цифрлық даму министрлігінен БҰҰ бағалауы - электронды үкіметтің даму индексі бойынша жүргізілетін ең беделді рейтинг екендігі айтылды.

Рейтинг шеңберінде БҰҰ-ға қатысушы 193 ел бағаланады.


Соңғы жаңалықтар