БҰҰ қамқорлығымен ауған халқына жан-жақты көмекті ұлғайту қажет - Президент

None
Фото: kabar.kg
АСТАНА. ҚазАқпарат – БҰҰ қамқорлығымен ауған халқына жан-жақты көмек көрсетуді ұлғайту қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» басшыларының екінші кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Еуропалық одақтың біздің сыртқы саяси бастамаларымызды ілгерілетуге және ауқымды демократиялық қайта құруды іске асыруға қолдауын жоғары бағалайды. Біз әрдайым Орталық Азияның барлық аймақпен және елдермен жемісті ынтымақтаса отырып, бейбітшілік пен прогрестің таралу ошағы болуын қолдаймыз. Еуропалық Одақпен көпқырлы серіктестігіміздің тұрақты дамуы өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылыққа, оның ішінде Ауғанстандағы жағдайға да тікелей байланысты», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарыстың алдын алу үшін халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін қолдауды жалғастыру маңызды екенін баса айтты.

«Қазақстан жақында ғана кезекті көмек пакеті түрінде Ауғанстан халқына азық-түлік тауарларын жіберді. БҰҰ қамқорлығымен ауған халқына жан-жақты көмек көрсетуді ұлғайту қажет. Осы тұрғыда Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру жөніндегі бастама өзекті саналады», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар