БҰҰ болжамы: 2050 жылы Қазақстанда 10 тұрғынның 7-еуі қалада тұрады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Біріккен Ұлттар ұйымының болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай Қазақстанда 10 тұрғынның жетеуі қалада тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Energyprom.kz мәліметінше, Қазақстанда құрылыс саласы халық өсімі қарқынынан бірнеше есе жоғары. Мәселен, осы жылдың 7 айының қорытындысында елімізде 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10,3 пайызға көп. Мұның үстіне жалпы пайдалануға берілген 4 баспананың үшеуі, нақты айтқанда 5,7 млн шаршы метр тұрғын үй қалаларда салынған. Биыл елімізде 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Аталған жоспар орындалса онда ол жаңа рекордтық көрсеткіш болмақ.

Ал Қазақстан халқының жылдық өсімі небәрі 1,3 пайыз шамасында ғана. 2021 жылдың 1 шілдесінде елімізде 19 млн адам тіркелген. Қала халқы 2 пайызға жуық өсіп, 11,3 млн адамға жеткен. Бұл еліміздегі жалпы халық санының 59,2 пайызын құрайды,

Елімізде тұрғын үй құрылысы саласындағы қарқынды өсімге мемлекеттік бағдарлама аясындағы қолжетімді ипотекалық несие сеп болып отыр. Тек осы жылдың 7 айында ғана «Отбасы» банкі 183,9 млрд теңгеге жаңа баспана сатып алу үшін 14,4 мың несие берді. «Отбасы» банкінің және өзге де даму институттары мен мемлекеттік бағдарламалардың арқасында елімізде урбанизация қарқын алып келе жатыр. БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаментінің болжамына қарағанда, 2050 жылға қарай Қазақстанда урбанизация деңгейі 69,1 пайызға жетеді. Яғни, еліміздің 10 тұрғынының 7-еуі қалада тұратын болады.

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, әлемде орташа болжамды көрсеткіш – 68,4 пайыз. Бұл ретте Азия үшін 66,2, Орталық Азия үшін 60,5 пайызды құрайды. Табыс деңгейі жоғары елдерге арналған бұл болжам 88,4, табысы төмен елдер үшін 50,2 пайыз шамасында. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанға арналған болжам омтимистік деуге болады.


Соңғы жаңалықтар