БҰҰ бітімгершілік миссиясына қатысатын әскерилерге қандай басымдық беріледі
2022 жылғы 30 маусым 10:40

БҰҰ бітімгершілік миссиясына қатысатын әскерилерге қандай басымдық беріледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов БҰҰ бітімгершілік миссияларына жіберілетін әскерилердің әлеуметтік және медициналық қамтылуы жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заңға сәйкес, БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысу кезеңінде үш есе жалақы, қайтып келген соң мемлекет есебінен емделу, жыл сайынғы демалысқа екі апта қосымша демалыс беріледі. Қатысу кезеңі жеңілдікті шарттармен бір айы бір жарым ай болып есептеледі», - деп жауап берді Қорғаныс министрі Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутат сауалына.

Оның айтуынша, 2000 жылдарға дейін бітімгершілікке Қорғаныс министрлігі, шекара қызметтері және ішкі әскер бөлімшелері тартылды.

«Қазір Қорғаныс министрлігі – бұл салада негізгі мемлекеттік орган. Дегенмен, заңға сәйкес, бұл мәселе барлық мемлекеттік орган үшін қолжетімді», - деді Р. Жақсылықов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентке ҚР Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін БҰҰ миссияларына жіберу туралы ұсыныс енгізді. Бірлескен палата отырысында депутаттар Президент ұсынысын қабылдады.

Жалпы саны 430 әскери қызметші Орталық Африкадағы тұрақтандыру жөніндегі миссияға, Конго Демократиялық Республикасындағы тұрақтандыру жөніндегі миссияға, Малидегі тұрақтандыру жөніндегі миссияға және Ливандағы уақытша күштер миссиясына жіберілетін болды.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT