БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі киіз үй тігуді үйренді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның тұңғыш «жасыл» ауылы - Арнасайда Біріккен Ұлттар Ұйымының ЭКСПО-2017 бойынша бас комиссары Джихан Сұлтаноғлы технологиялармен танысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.




БҰҰ Бас хатшысы көмекшісінің бұл сапары кең ауқымда өтті. Ол ауыл саябағына ағаш отырғызып, киіз үй  тұрғызуға көмектесті және ақсақалдардан бата алды. Сұлтаноғлының қазақ мәдениетіне тәнті болғаны соншалық, қолынан ұялы телефонын тастамай, естелікке фотосурет түсіріп жүрді. Сондай-ақ, ол «EXPO Camp» жастар лагеріне барып, балаларға сәттілік тіледі. 

Атап өткен жөн, Астанадан 40 шақырым жерде орналасқан «Арнасай» жасыл технологиялар орталығы 2015 жылы ЭКСПО-2017 мен Қазақстанның «жасыл» экономикаға өтуі аясында құрылған. Бұл орталық Қазақстанның тұрақты дамуы үшін экологиялық таза тәжірибелер мен заманауи технологияларды ұштастырады.

Орталық Азиядағы қарапайым елді мекен Арнасайға БҰҰ Даму бағдарламасы жинақтаған әлемдік озық тәжірибе қолданылды және бейімделді. Мәселен, БҰҰ Даму бағдарламасы ауылға күн коллекторларын орнату арқылы электр қуатын 48%-ға үнемдеуге және тамшылатып суару мен өзге де суды сақтау технологияларының арқасында су жұмсауды екі есеге қысқартуға септігін тигізді.

Сонымен бірге, Орталық Азияда алғаш рет өсімдіктің тез өсуіне және жыл сайынғы өнімділікті ұлғайтуға көмектесетін фотосәуле шашатын диодтары бар жылыжай салынды. Бұл жақын жерде орналасқан мектеп оқушыларына жыл он екі ай арзан әрі құнарлы элементтерге бай түскі ас ішуіне мүмкіндік береді және ересектерді «жасыл» жұмыспен қамтамасыз етеді.

Жасыл технологияларды енгізу және тарату бойынша көрсетілген көмектен бөлек, БҰҰ Даму бағдарламасы әлсіз топтарға «жасыл» мамандықтарды меңгерту арқылы адами дамуды да инвестициялап жатыр.

Сұлтаноғлы қолөнершілердің көрмесіне қатысып және жергілікті шеберлермен кездесіп, атқарылған жұмыстарды жоғары бағалады.

 «Арнасай» жасыл технологиялар орталығы  жаңа ілімді үйренгісі, бөліскісі және таратқысы келетіндердің барлығына «жасыл» плаформа құратын тұтас инновациялар кластері бар бірегей хаб», - деді Сұлтаноғлы журналистерге берген сұхбатында.

Джихан Сұлтаноғлы  БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымдастырушысының көмекшісі, Еуропа және ТМД елдері бойынша өңірлік бюро директоры.


Соңғы жаңалықтар