БҰҰ Бас хатшысы: Каспийдің мәртебесі туралы конвенция - тарихи құжат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Каспий теңізінің мәртебесі туралы қол қойылған конвенцияны тарихи құжат деп атады. Бұл туралы ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бас хатшы Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстанның Каспий теңізінің мәртебесі туралы конвенцияға қол қойғанын құптады.

«Осы тарихи құжат әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға қажетті өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді», - делінген мәлімдемеде.

Гутерриштің пікірінше, конвенция Каспий теңізі жағалауында орналасқан елдердің арасындағы қордаланып қалған көптеген мәселелерді реттеудің баға жетпес тетігі, сондай-ақ өңірдегі түйткілдерді таратуға қойылған айтарлықтай батыл қадам болмақ.

БҰҰ басшысы бес елді «өңірлік ынтымақтастық пен көпжақты келіссөздердің тарихи жетістігімен» құттықтады.

Еске сала кетейік, Ақтауда бесінші Каспий саммиті отырысының қорытындысы бойынша, Қазақстан, Ресей, Иран, Әзербайжан және Түрікменстан президенттері Каспий теңізінің мәртебесі туралы Конвенцияға қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар