БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Волкан Бозкыр ресми сапармен Қазақстанға келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН – БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Волкан Бозкыр мырза биылғы 8-9 шілде аралығында Орталық Азия бойынша шолуы шеңберінде Қазақстанға ресми сапар шегеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сапар барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ. Тоқаев, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі М.Б. Тілеуберді, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы М.С. Әшімбаев, сондай-ақ БҰҰ-ның Қазақстандағы елдік тобымен кездесу жоспарланып отыр.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясының төрағасы болып сайланған түрік дипломаты Волкан Бозкыр БҰҰ бұрын-соңды болмаған коронавирус пандемиясымен күресіп, өзінің дамуының стратегиялық бағытын дамытудың сындарлы сәтінде қызметіне кірісті.

50 жылға жуық тәжірибесі бар мемлекеттік қызметші Бозкыр мырза Батыс Еуропа және басқа елдер тобынан сайланды. Волкан Бозкыр нигериялық Тиджани Мухаммад-Банденің орнына БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы болды.

БҰҰ Бас Ассамблея 75-ші сессиясының басым бағыттары - COVID-19 қарсы күрес, көпжақтылық қағидатына адалдықты растау, гуманитарлық күн тәртібін алға тарту, гендерлік теңдік мәселелері, сондай-ақ 2030 күн тәртібін жүзеге асыру.

Волкан Бозкыр 2020 жылғы 17 маусымда БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясында төраға болып сайланды. Бас Ассамблеяның 75-ші сессиясы 2020 жылдың қыркүйегінен 2021 жылдың қыркүйегіне дейін жалғасады.

Бозкыр мырза Анкара университетінде заңгерлік білім алды. 1972 жылдан бері ол дипломатиялық қызметте. Бірқатар жоғары дипломатиялық лауазымдарда болған: Түркияның Нью-Йорктегі Бас консулы, Румыниядағы елшісі және Түркияның ЕО-дағы тұрақты өкілі.

Бозкыр мырза 2011 жылы тұңғыш рет Парламент депутаты, содан кейін келесі үш парламенттік сайлауда депутат болып сайланды.

Парламент депутаты болған тоғыз жыл ішінде ол Сыртқы істер комитетінің төрағасы, Түркия-АҚШ парламенттері арасындағы достық тобының төрағасы және Түркия-Ресей қоғамдық форумының төрағасы болды.

2014 жылдың тамызында ол Еуропалық Одақ істері министрі және келіссөздер үдерісіне жауапты болып тағайындалды және бұл қызметте 2016 жылдың маусымына дейін болды.

2018 жылдың шілде айында ол төртінші рет Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі Халықаралық істер комитетінің төрағасы болып сайланды.

Ол сонымен бірге Түркия-Австралия парламентаралық достық тобын басқаруда.


Соңғы жаңалықтар