БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-ші сессиясы өз жұмысын бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Йорк қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 73-ші сессиясы ашылды. Дүниежүзілік ұйымның Бас хатшысы Антониу Гуттериш БҰҰ басымдықтарын еске салып, осы аптада Нью-Йоркке келетін әлем көшбасшыларын ынтымақтастыққа дайын болуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалғасып келе жатқан жанжалдар, саяси текетірес, кейбір шиеленісудің ошақтарындағы ұшығып жатқан гуманитарлық дағдарыс БҰҰ басшыларының наразылығын туғызады.

Сессияның тақырыбы - «БҰҰ-ны барлық адамдардың мүдделеріне жақындату: бейбіт, әділетті және тұрақты қоғамды қолдаудағы жаһандық жетекшілік пен ортақ жауапкершілік».

БҰҰ Бас Ассамблеясы 73-ші сессиясының негізгі басымдықтары ретінде Ұйымды одан әрі реформалау, жанжалдарды болдырмау, адам құқықтарын қамтамасыз ету, гендерлік теңдік және әлемдегі әділетсіздікті еңсеру мәселелері таңдап алынды.

Сессияның күн тәртібінде халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрақты даму, адам құқықтары, гуманитарлық көмек, қарусыздану, сот төрелігін нығайту және халықаралық құқықты дамыту сияқты салаларда 175-тен астам мәселе қамтылды.

Эквадордың Сыртқы істер және көші-қон министрі Мария Фернанда Эспиноса Гарсес ағымдағы сессияда Бас Ассамблеяның Төрағасы болып сайланды. Бір жылға созылатын төрағалық кезеңінде ол көші-қон, қоршаған ортаны қорғау, мүгедектердің құқықтары, гендерлік теңдік және тұрақты дамуды насихаттау мәселелеріне баса назар аударуды жоспарлайды.

Бас Ассамблеяның жұмысында экономикалық дамуға жәрдемдесу және көші-қон және босқындар туралы жаһандық келісімдерді қабылдау тақырыбы да маңызды орын алады.

Жаңа сессияның алғашқы күндерінде Ассамблеяның алты негізгі комитетіне күн тәртібіндегі мәселелерді бөлуге қатысты мәселелер қарастырылады. Жыл сайынғы жалпы пікірталас 25 қыркүйекте басталып, 1 қазанға дейін жалғасады.

БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы дебаттарына Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы қатысады. 24-29 қыркүйек аралығында көпжақты және екіжақты форматтағы бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Қазақстан Сыртқы істер министрінің сөз сөйлеуі 28 қыркүйекке жоспарланған.

Ассамблея сессиясында Қазақстан үшін басты оқиға - «Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу» мінез-құлық кодексінің таныстырылымы. Құжат Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жасалды. Кодекстің негізгі мақсаты - 2045 жылы БҰҰ-ның жүз жылдығына орай терроризмге қарсы күрес және терроризмнен еркін әлемге қол жеткізу бойынша серіктес елдердің кең халықаралық коалициясын құру.

Қазақстан делегациясының көпжақты форматта өтетін түрлі кездесулерге қатысуы күтілуде Атап айтқанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-ші сессиясының жалпы дебаттарының ашылуы; Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі және ҚХР-дан Тәжікстанға төрағалықты тапсыру; Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің кездесуі; Ядролық қаруды толық жоюға қарсы күрес халықаралық күніне арналған жоғары деңгейдегі кездесу; БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі бойынша бірқатар отырыстар; Экономикалық ынтымақтастық ұйымы Министрлер кеңесінің бейресми кездесуі; Теңізге шығу жолы жоқ дамушы елдер тобы мемлекеттерінің министрлер кездесуі; БҰҰ Өркениеттер Альянсының достары тобының министрлер кездесуі.

АҚШ төрағалығымен, сондай-ақ Президент Дональд Трамп пен Мемлекеттік хатшы Майкл Помпеоның қатысуымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бірқатар ашық отырыстары өтеді. 2017-2018 жылдары Қазақстан - аталған Кеңестің тұрақты емес мүшесі. 

Бітімгершілік, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау салалардағы бірқатар маңызды іс-шаралар, атап айтқанда, туберкулезді жою жөніндегі жоғары деңгейдегі кездесулер назар аударады. БҰҰ штаб-пәтерінде Шыңғыс Айтматовтың 90-жылдық мерейтойына арналған салтанатты көрменің ашылуы жоспарлануда. 

Сонымен қатар, Қ. Әбдірахманов БҰҰ ресми өкілдері, сыртқы істер министрлері, америкалық және халықаралық бизнес өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді.

Жалпы алғанда, БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу және БҰҰ-ның 2030 күн тәртібінің шеңберінде таратпау және қарусыздану, бітімгершілік, тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму салаларындағы бірқатар сыртқы саяси бастамаларын ілгерілетуге мүмкіндік береді. 

Соңғы жаңалықтар