БҰҰ Бас Ассамблеясы: Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің министрлері кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 23 қыркүйекте Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің төрағалығымен онлайн режимінде Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының (ТШЖДЕ) жыл сайынғы министрлік отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Басқосуда БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясының Төрағасы Волкан Бозкир, БҰҰ-ның Ең осал дамушы елдер үшін Жоғары өкілі Фекитамоелоа Утоикаману сөз сөйледі.

Отырысты ашқан Министр пандемиядан неғұрлым зардап шеккен осал елдердің осы тобы халықаралық әріптестер мен донорлар тарапынан барабар қолдауды талап ететінін атап өтті. Қазақстан 2020-2021 жылдарға арналған ТШЖДЕ тобының жаһандық төрағасы бола отырып, топ елдерінің мүдделерін барлық тиісті алаңдарда қорғауды және ілгерілетуді жалғастырады.

Кездесу қорытындысы бойынша топ елдерінің проблемаларын, оның ішінде әлемдік нарықтардан алыстығымен және транзиттік елдерге тәуелділігімен байланысты проблемаларды шешудегі прогресті жеделдету жөніндегі Жол картасы қабылданды. Қазақстан төрағалығының бастамасымен жасалған құжат 2024 жылға дейінгі кезеңде осы міндеттерді жедел іске асыру үшін барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіруге ықпал ететін болады.

Іс-шараға 200-ден астам делегат, оның ішінде ТШЖДЕ қатарына кіретін 32 елдің және серіктес елдердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары, халықаралық ұйымдар мен БҰҰ агенттіктерінің басшылары, соның ішінде ЭСКАТО, ЕЭК, БҰҰ ӨДҰ, ХЭБО, ДКҰ, ЮНЕП және т.б. қатысты.

Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобына жарты миллиардтан астам халқы бар 32 ел кіреді. Қазақстан Теңізге шыға алмайтын ең ірі аумақтық және Әлемдік мұхиттан ең алыс (3000 км-ден астам) мемлекет.


Соңғы жаңалықтар