БҰҰ азаптаудың алдын алу жөніндегі делегация еліміздегі түрмелерді тексерді

None
Фото: t.me/pressmfakz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Біріккен ұлттық ұйымы өкілдерінен құрылған арнайы делегация Қазақстанның түрмелері мен уақытша ұстау изоляторындағы жағдайды бақылады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінде өткен брифинг барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 26 наурыз бен 1 сәуір аралығында БҰҰ азаптаудың алдын алу жөніндегі кіші комитетінің делегациясы Қазақстанға сапар жасады. Оның барысында делегация мүшелері Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, ҚР Конституциялық сотының төрағасымен, мемлекеттік органдардың өкілдерімен, сондай-ақ азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігінің мүшелерімен, азаматтық қоғам және БҰҰ құрылымдары өкілдерімен кездесті. Делегация өкілдері түрмелерде, тергеу және уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ полиция бөлімшелері мен қамауда ұстау орындарда болып, жағдайды бақылады», - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Оның мәлімдеуінше, БҰҰ азаптаудың алдын алу жөніндегі кіші комитет делегациясы елімізге осымен екінші рет сапар шегіп отыр.

«Бұл сапар Мемлекет басшысының саяси реформаларын жүзеге асыру үшін Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттемелер мен ұсынымдарды жүзеге асырудағы ашықтығын әрі бейілділігін растағанын атап өткен жөн. БҰҰ-ның азаптаудың алдын алу жөніндегі кіші комитеті 6 айдың ішінде Қазақстан Үкіметіне бас бостандығынан айырылған адамдарға қатысты азаптаудың және басқа да қатыгездік пен жазалаудың алдын алу бойынша ескертулері мен ұсынымдарын ұсынады», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар