Бұрынғы министрлердің табысы мен дүние-мүлкін тексеру керек – депутат

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде бұрын министр міндетін атқарған азаматтардың жеке табысы мен мүлкіне тексеру жүргізу ұсынылады. Jibek Joly телеарнасындағы «JJ Talk» бағдарламасының эфирінде депутат Ерлан Сайыров осы мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлық проблемасы бойынша айтарым, балық басынан шіриді. Жоғары билікте отырған азаматтардың аузын тыймай, бері жағынан тыю мүмкін емес. Бұл жерде жемқорлық проблемасы тек мемлекет пен оның бюджетіне ғана байланысты емес. Бұл жерде банк жүйесі де бар», – деді Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров телебағдарлама эфирінде.

Депутаттың айтуынша, парақорлықпен күресте министрлер мен әкімдердің таза әрі адал қызмет етуі маңызды.

«Бізде қай әкімнің қандай бизнесі бар екенін бүкіл Қазақстан біледі. Маған 30 жыл бизнеспен айналысып келе жатқан азамат бұрынғы министрлердің қандай үйі, дүние-мүлкі барын айтты, құны 1-1,5 млн доллар тұрады деді. «30 жыл бизнеспен айналысып жүрген мен ондай үйді ала алмаймын» дейді әлгі бизнесмен. Менің ойымша, сол бұрынғы министрлердің табысы мен мүлкін тексеру керек. Қазір заң шықты, егер мемлекеттік қызметкер дүние-мүлкін қалай тапқанын дәлелдей алмаса, онда оны мемлекетке қайтаруы тиіс. Осы бағытта жұмысты күшейту керек», - дейді ол.

Бұған дейін Ерлан Сайыров міндетін дұрыс атқармаған министрлерді орнынан алу жөнінде ұсыныс айтылатынын және нақты кандидаттардың да барын мәлім еткен еді.


Соңғы жаңалықтар