Бұрынғы күйеуін желі арқылы балағаттаған әйел сотқа тартылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданының 28 жастағы тұрғыны бұрынғы күйеуіне балағат сөздер жазғаны үшін сот алдында жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы, Қарғалы аудандық соты әлеуметтік желі арқылы бір-бірімен ұрысып, балағат сөз айтқан ерлі-зайыптыға қатысты істі қарады.

Іс материалына сүйенсек, Марина Танабергеноваға Қылмыстық кодекстің «Қорлау» бабы бойынша айып тағылды. Айыпталушы М.Танабергенова жәбірленуші Р. Танабергеновке «WhatsApp» желісі арқылы балағат сөздер жібереді. Хабарламада ол бұрынғы күйеуін қаңғыбасқа, есекке теңеген. Сөйтіп, Кодекстің  қорлау, яғни, басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсіту тармағы бойынша сараптама тағайындалып, хабарламадағы сөздер тексерілді. Сот отырысы кезінде М.Танабергенова өзінің айыбын толық мойындап, өкінетінін жеткізді. Ал жәбірленуші Р.Танабергенов бұрынғы әйелі өзін, балаларын, туған-туыстарын үнемі балағаттайтынын айтып берді. Сот отырысы кезінде куәгерлер де бұрынғы ерлі-зайыптылардың үнемі ұрысып, жалжалдасатынын жасырмады.

Сот үкімімен Марина Танабергенова айыпты деп танылып, оған 56 725 теңге мемлекеттік шығынды өтеу міндеттелді. Ал азаматтық арыз бойынша  айыпталушы бұрынғы күйеуі Рустам Танабергеновке 10 мың теңге моральдық зиян төлейді. Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, айыпталушы М.Танабергенованың бұрынғы күйеуі Р.Танабергенов моральдық шығын ретінде 600 мың теңге талап еткен болатын. Сот айыпталушының өкінетінін, кәмелетке толмаған балаларының бар екенін ескерді. Сонымен қатар, азаматтық арыз бойынша айыпталушы мемлекетке 48 150 теңге төлейді. 

Соңғы жаңалықтар