Бұрынғы дүниені жаңа инновациялық жоба ретінде ұсынып, сататындар бар - антикор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет меншігіндегі әрбір үшінші ақпараттық жүйені есептен шығару қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов ведомствоның алқа отырысында осындай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрландыру саласына жүргізілген мониторинг отандық ақпараттық технологиялар нарығын мемлекеттік органдармен үлестес компаниялар монополиялап алғанын көрсетті. Қажетсіз және бір-бірін қайталайтын бағдарламалар әзірлеу тыйылмай тұр. Мемлекет балансындағы әрбір үшінші ақпараттық жүйе есептен шығаруға жатады», - деді агенттік төрағасы.

Оның айтуынша, бұрыннан қолданылып келе жатқан ақпараттық жүйені жаңадан жасалған ресурс ретінде сатып жіберетін «табысқойлар» бар көрінеді.

«Қолданыста жүрген технологиялар жаңа әзірлеме ретінде сатылып жүр. Мемлекет цифрландыруға 400 млрд теңгеден астам қаражат жұмсады. Жыл сайын жүйелерді күтіп-баптауға 20 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Мемлекеттік органдар агенттіктің ұсынымдарын орындап, саладағы шығындар оңтайланады және отандық IT нарықтың барлық қатысушысына тең жағдай жасалады деп күтеміз»,- деді Олжас Бектенов.


Соңғы жаңалықтар