АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазгидромет» РМК 9-11 ақпан аралығындағы ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстанның басым бөлігінде құбылмалы күн райы сақталады. Оңтүстік және шығыс аумақтар – оңтүстік циклоны жырасының, солтүстік және солтүстік-батыс аумақтар – Салехарда ауданынан келетін циклон жырасының әсерінде болады.
«9 ақпанда елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында қатты жауын-шашын күтіледі. 10 ақпанда – мол қар жауады. Сондай-ақ аталған аумақтарда көктайғақ болжанады.
Республика бойынша тұман, жаяу бұрқасын, желдің күшеюі күтіледі.
11 ақпанда оңтүстік және оңтүстік-шығыс аумақтарға Батыс антициклонының тарамы ығысады, соған байланысты жауын-шашын біртіндеп тоқтап, түнде температураның 8-21 градусқа дейін төмендеуі болжанады», - делінген синоптиктер мәліметінде.