Бурабайлық фермерлер мемлекеттің қолдауы арқасында мал шаруашылығын дамытуда

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Бурабай ауданындағы фермерлер мемлекеттің қолдауының арқасында мал шаруашылығын дамытуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның баспасөз қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері шаруа қожалықтардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Журналистер әуелі Кенесары ауылдық округінде орналасқан «Омаров» жеке кәсіпкерлігінің жұмысымен танысты. Шаруашылық басшысы Серік Омаровтың айтуынша, 2017 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы «Ырыс» бағдарламасы бойынша 21 миллион теңге жеңілдетілген несие алған. Бұл қаржыға Павлодар облысынан 50 бас Симменталь тұқымды сиыр, ал, қалған 10 миллион теңгесіне сиыр сауатын аппарат сатып алған. Осының арқасында қазіргі кезде, тәулігіне 2 тоннаға жуық сүт өндірілуде.

«Жеңілдетілген несиелеудің артықшылықтарына сол кезде көзіміз жетті. Мөлшерлемесі төмен, мерзімі ұзақ, кепілдікке қойылатын талаптар ыңғайлы», - дейді кәсіпкер Серік Омаров.

Шаруашылықта қазіргі кезде барлығы 350 бас сауын сиыры бар. Сауылған сүт Щучинскідегі «Айна» ЖШС, Көкшетаудағы «Гормолзовод» пен «Natige» ЖШС, Зеренді ауданындағы «Milk Ptojekt» ЖШС сүт өңдейтін зауыттарына кезек кезекпен жеткізіліп тұрады.

«Бұл серіктестермен сүт жеткізу жөнінде бектіткен келісімшарттарымыз бар. Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруашылығымыз өз деңгейінде жүріп келеді. Осының арқасында жылдан жылға сүт өндірісі деп артып келеді», - дейді Серік Омаров.

Шаруашылық басшысы мұнымен тоқтап қалар емес, алдағы уақытта аталмыш бағдарламаға тағы қатысып, Еуропадан асыл тұқымды ірі қара әкелуді де жоспарлап отыр.

Бурабайға жақын тұста Қымызнай ауылы орналасқан. Бұл ауылдың да іскер азаматтары мемлекеттік бағдарламаға белсенді қатысып, отбасылық кәсібін мол табыстың көзіне айналдырған. Соның бірі, «Айдын» шаруа қожалығының басшысы Талғат Тәшіков. Кәсіпкер «Сыбаға» бағдарламасы арқылы алған жеңілдетілген несиеге шет елден асыл тұқымды 53 бас симменталь сиырларын сатып әкелген.

«Биыл Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының көмегі арқылы 40 миллион теңгеге жуық несие алған едім. Сол қаржыға Словакия елінен 53 бас ірі қара жеткіздім де, қалғанына мал азығын дайындайтын техника сатып алдым. Шыны керек, қордан алған несиенің көмегі үлкен болды. Енді осы малды аман-есен бағып, өсіру керек. Оған мүмкіндігіміз жеткілікті», - дейді шаруа қожалығының басшысы Талғат Тәшіков.

Қымызнай ауылы атауы айтып тұрғандай өңірге дәмі тіл үйретін балдай қымызымен белгілі. Бұл ауылдың қымызын жергілікті тұрғындардан бөлек, сонау Қызылорда, Түркістан облыстарынан да іздеп келетін көрінеді. Қордан несие алған кәсіпкер Алтай Қабдулин осы ата кәсіпті дамытып отыр. null

Істің жайын білетін кәсіпкер мал және құс шаруашылығын дамытуға бағытталған «Игілік» бағдарламасы арқылы 6 миллион теңге несие рәсімдеп, бұл қаржыға 18 жылқы сатып алған.

«Өзімнің биелерімді қосқанда қазір 36 бие сауып отырмыз. Тәулігіне 120 литр қымыз дайындаймыз. Қымызға сұраныс жоғары. Еліміздің әр өңірінен сұрап келетіндер бар. Біз негізінен қымызды алдын ала жасалған келісім-шарт бойынша Бурабайдағы екі денсаулық сақтау мекемесіне жеткізіп беріп отырамыз. Қалғанын ғана сұрап келген тұтынушыларымызға сатамыз. Сұраныс жоғары болғандықтан алдағы уақытта бие санын көбейтіп, қымыз өндірісін арттыру жоспарда бар», - дейді ауыл кәсіпкері Алтай Қабдуллин.

nullАйта кетерлігі,«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған бірқатар несие өнімдерін іске асырады. Мысалы, «Сыбаға» бағдарламасы етті бағыттағы мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарын қолдауға арналған. Бағдарламаның мақсаты - ірі қара мен ұсақ мал етін өндіру бойынша саладағы отандық экспорттың әлеуетін арттыру. Жылдық сыйақы ставкасы 4 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға 70 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Сыйақы мен негізгі қарызды төлеу бойынша 2 жылға дейінгі жеңілдетілген мерзім қарастырылған.

null«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақмола филиалы директорының орынбасары Абзал Кенжеахметовтың айтуынша, өткен жылы Ақмола облысы бойынша «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1 105 миллион теңге соманың 24 несиесі берілген. Бұл қаржыға 1 541 бас ірі қара, техникалар мен мал азығы сатып алынған. Ал, биыл 625 бас ірі қара сатып алу үшін шаруаларға 537 миллион теңге болатын 12 несие беріліпті. Жыл соңына дейін бұл бағытта 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлу жоспарлануда.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Ырыс» бағдарламасы бойынша 2015 жылдан бері 50-100 басқа арналған сүтті-тауарлы фермаларды дамытуды жүзеге асырып келеді. Осы бағыт бойынша, облыста жалпы құны 298 миллион теңге болатын 11 жоба қаржыландырылды. 803 бас сүтті бағыттағы сиырлар сатып алынды.

Сонымен қатар, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында шағын несиемен қамтамасыз ету үшін де өтінімдер қабылдануда. Жалпы, биыл ауыл кәсіпкерлерін қолдауға 1 миллиард 838 миллион теңге бағыттау жоспарланып отыр», - деп атап өтті журналистерге берген сұхбатында Абзал Кенжеахметов.

Соңғы жаңалықтар