Бурабайға жылына 1 миллионға жуық адам келеді - Мырзалин

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин БАҚ өкілдері арасында «Ғажайып Бурабай» атты байқау жарияланғанын айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ОКҚ-да Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында Мәлік Мырзалин өзі басқаратын аймақ үшін басым бағыттардың бірі туризм екенін атап өтті. Оның айтуына қарағанда, Щучье-Бурабай курорттық кешеніне жылына шамамен 1 миллион адам келеді. Оның ішінде 30%-і шетелдіктер.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Бурабайға әлемдік деңгейдегі курортты жасау жұмысына көп көңіл бөліп келеді. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі біздің өңіріміздің туристік әлеуетін дамытуда маңызды рөл атқарғанын айта кетейін. 100-ден астам ел қатысқан көрменің арқасында Бурабайға келушілердің саны артты», - дейді аймақ басшысы.

Мәлік Мырзалин өз сөзінде биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Ақмола облысында туристерді орналастыру бойынша қызмет көрсету тұрғысынан 2,2 млрд теңгенің қызметі көрсетілгенін жеткізді.

«Ендігі міндетіміз - өңірге бір мәрте келген туристі қайта-қайтып келгісі келіп тұратындай жағдай жасау. Осы мақсатта курорттық аймақтардың тартымдылығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Щучье-Бурабай курорттық аймағының инфрақұрылымын одан ары дамыту үшін құны 61,3 млрд теңгелік 34 жоба Жоспардың III кезеңі шеңберінде жүзеге асырылады. Құжат бүгінгі таңда Үкіметпен бекітілді», - дейді ол.

Өңір басшысы сонымен бірге, Ақмола өңірінде Туристік ақпараттық орталық құрылғанын атап өтті.  Аймақ басшылығы алдағы уақытта Бурабай курортының жыл бойы туристерді қабылдауы бойынша жұмыстарды қолға алмақ.

 

Соңғы жаңалықтар