Бурабайдағы Үлкен шабақты көлінде демалушылар үш қызды құтқарып қалды

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Бурабайдағы Үлкен шабақты көлінде суға батып бара жатқан үш қыз құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бурабай курортына демалуға келген үш қыз Үлкен шабақты көлінде шомылу кезінде суға батып кете жаздады. Жағадан алыс жүзіп кеткен оларды құтқарушылар жеткенше, сол маңда жүрген демалушылар құтқарып қалды», - деді Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.

Анықталғандай, 14 жасар жасөспірімді судан алып шыққан кезде ол есін білмеген. Демалушылардың бірі оған алғашқы медициналық көмек көрсетіпті.

«Судан алып шыққан кезде, қыздың жүрек қағысы өте баяу болды. Ол «өкпе ісінуі» диагнозымен аурухананың жан сақтау бөлімшесіне жатқызылды», - деп толықтырды ТЖД баспасөз қызметінен.

Айта кетсек, бұдан бұрын Бурабайда 720 метр биіктікте жарақат алған жас жігіт құтқарылған болатын.


Соңғы жаңалықтар