Бурабайда «Жайлау» этноауылы ашылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Бурабай курортында «Жайлау» этноауылы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысының «VISITAQMOLA» туристік ақпарат орталығының мәліметінше, этноауылдың ашылуында курортты аймақтың тұрғындары мен қонақтары садақ атып, салт атпен жүріп, қолөнер шеберлерінің шеберлік сыныптарына қатысып, номадтардың дәстүріне қанығу мүмкіндігін алды.

Сондай-ақ, қазақ күресі, бәйге, асық ату, аударыспақ сияқты ұлттық спорт ойындарын тамашалады. «QymyzFest» қымыз фестивалі өтіп, жергілікті өндірушілердің ең дәмді, сапалы қымыздары ұсынылды. Шараның тартымды тұсы 600 мың теңге сыйлық қоры бар «Бәйге-2019» ат жарысы болды. Онда шабандоздар аламан бәйге, топ бәйге және екі қысқа қашықтыққа шабу арқылы мықтыларды анықтады.

Шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғалиев қатысып, курортты өңірде жазғы маусымның ашылуымен жергілікті тұрғындар мен қонақтарды құттықтап, жазғы демалыстарын жақсы өткізуге тілектестігін білдірді.

Бұдан бөлек, «Ақмола барысы» қазақ күресінен белдесулер өтті. Боз кілемге облыстың әр өңірінен жиналған кілең мықтылар шығып күресті. Жеңімпаздар арнайы диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ал, ең үздік екі палуан «Қазақстан барысы» республикалық турниріне қатысатын болды.

«Бурабай Даму» серіктестігінің директоры Руслан Әділовтың айтуынша, шараның мақсаты, өңірдің бай мәдениетін көрсетіп, ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау.

«Қатысушылардың барлығы көшпенділер әлеміне саяхат жасағандай болды. Салт атпен серуендеп, ұлттық тағамдардан дәм татты және ұлттық спорт түрлерін тамашалады. «Жайлау» этноауылы туристік маусым кезінде жұмыс істейді. Кейін жыл бойы жұмыс істейтін болады», дейді Руслан Әділов.

Соңғы жаңалықтар