Бурабайда жасөспірімдер арасында өткен триатлоннан Азия чемпионатында көкшетаулық Аян Бейсенбаев бас жүлдені иемденді

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Бурабай баурайында өткен жасөспірімдер арасында триатлоннан Азия чемпионаты мен Олимпиада ойындарына баратын үміткерлерді анықтау мақсатындағы іріктеу жарысы мәресіне жетті, деп хабарлады облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметінен.

Бұл жолғы сайысқа 14 мемлекеттен 80-нен астам спортшының қатысты. Олар - Гонконг, Иран, Қытай, Корея, Малайзия, Моңғолия, Сингапур, Сирия, Таиланд, Өзбекстан, Филиппин, Жапония, Тайпей және Қазақстан мемлекеттері. Жер-жерден келген командалардың капитандары өздерінің мемлекеттік туларын желбіретіп, алаң төрінен жүріп өтіп, салтанатты түрде сап түзеді. Азия чемпионатының ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбеков Қазақстан Республикасының триатлон федерациясының президенті, облыс әкімі Сергей Кулагиннің атынан құттықтап, осындай ірі спорт додасын Ақмола жерінде өткізуге мүмкіндік берген триатлонның Азия конфедерациясына шынайы алғысын жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт агенттігі төрағасының штаттық ұлттық командалар дирекциясы істері жөніндегі орынбасары Алексей Крючков спортшыларды сайыстың ашылуымен құттықтап, сәттіліктер тіледі.

Чемпионаттың ашылу салтанатына қатысқан Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев триатлоннан Қазақстан Республикасы құрама командасының бас жаттықтырушысы Юрий Соловьевті осынау спорт түрін дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін халықаралық медальмен марапаттады.

Жарыстың алғашқы күні кіші жастағы жасөспірімдер жарыс жолына шықты. Олар 750 метр суда жүзіп, велосипедпен 20 шақырымға жарысты және 5 шақырымға жүгірді. Қыздар бәсекесінде Корея өкілі Kim Gyuri жеңіс тұғырын бағындырды. Екінші орын жапон қызына бұйырса, жеңіс тұғырының үшінші сатысына қытайлық бойжеткен табан тіреді. Бұл топта Қазақстан өкілдері Анастасия Бабина 10-шы және Яна Морозова 37-ші нәтиже көрсетті.

Ұлдар арасында болған бәсекеде жапондық триатлоншы Койо Ямасаки (Koyo Ymasaki) жеңіске жетті. Мәре сызығын кореялық триатлоншы екінші болып қиды. Осы жарыста біздің жерлесіміз триатлоншы Арман Құдыртаев команданың қоржына алғашқы қола медальді әкеп салды.

Тартысты бәсеке 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында қызу өрбіді десе де болды. Мұнда жерлесіміз, Көкшетау триатлон мектебінің тәрбиеленушісі Аян Бейсенбаевтың жеңіске деген құштарлық танытқанын айтып өткен ләзім. Ол суға жүзу мен велосипедпен жарысуда оншалықты нәтиже көрсете алмаса да, 5 шақырымға жүгіруде ұшқырлық танытты дей аламыз. Ол алдындағы Гонконг пен Кореяның спортшыларын шаң қаптырып, мәреге бірінші болып жетті. Сөйтіп, Қазақстан командасына алтын медальді тарту етті. Аяннан мұндай нәтиже күтпеген гонконгтық триатлоншы жарыс біткен соң жеңісті уысынан шығарып алғанына қапаланып, көз жасына ырық бергенінің куәсі болдық. Үшінші орынға Жапония өкілі орналасты. Біздің Темірлан Теміров болса бесінші нәтиже көрсетті. Осы топта жарыс жолына шыққан басқа қазақстандықтар 9-шы, 12-ші, 15-ші және 19-шы орындарды місе тұтты. Ересек жасөспірім қыздар бәсекесінде алғашқы төрт орынды жапондықтар олжалады. Қазақстанның маңдайалды триатлоншысы саналатын Оксана Грот болса 7-ші орыннан аса алмады. Сондай-ақ, жерлес спортшылардың арасында Кристина Нестеренко 9-орыннан көрінді.

Бүгін триатлоншылар аралас командалық эстафетада бәсекеге түсті. Азия чемпионатында топ жарып, жүлдегерлер атанғандар түрлі марапаттауға ие болды. Сондай-ақ, Олимпиада ойындарына қатысатын жасөспірімдердің де есімдері анықталды.

Соңғы жаңалықтар