Бурабайда жарақат алған жабайы жануарларды күтіп-баптайтын арнайы зообақ бар

None
None
БУРАБАЙ. ҚазАқпарат – Бурабайда жабайы жануарлар мекендейтін зообақ бар. Жануарлар орталыққа түрлі себеппен пайда болады, көбісі жабайы табиғатта жарақат алған. Бүгінде аң-құстың 20 түрін мамандар күтіп, бағып отыр. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі зообақтың жұмысымен жақынырақ танысқан еді.

«Зообақтың тарихы 1952 жылдан басталады. Кезінде бұл жерде орманшылар және аңшылар үйі болған. Бүгінде жабайы жануарларға арналған зообақ ретінде жұмыс істеп тұр. Барлығы да осы өңірді мекендейтін, бейімделген жануарлар. Зообаққа тап болған жануарлардың 60-70 пайызын орманшылар мен қарапайым адамдар құтқарған. Олардың негізгі ортасы жабайы табиғат. Әр жануардың өз тарихы бар, біреуі жарақат алған, екіншісін әлсіз немесе кішкентай кезінде тауып алған. Кейде бізге қарапайым адамдар жаралы аққу, түлкі тауып алдым деп хабарласып жатады. Біздің мамандар оларды осында жеткізеді», - деді «Бурабай даму» ЖШС туризм және маркетинг бөлімінің жетекшісі Шыңғыс Оразалин.

Оның айтуынша, зообақтағы жануарлар қайтадан табиғи ортаға жіберілмейді. Себебі олардың жабайы табиғатқа қайта бейімделіп, өмір сүріп кетуі екіталай.

«Жануарлар әртүрлі. 2018-2019 жылдары бізде арыстан да болған. Дегенмен солтүстіктің қысы оларға қиынға соқты, сосын Алматыға жібердік. Қазір зообақта жануарлардың 20 түрі бар. Олардың қатарында бизон, елік, Пржевальский жылқысы, қасқыр, аю, түлкі, тау ешкісі, бүркіт және тағы басқа аң-құстар бар. Жануарларды күтіп-баптаумен арнайы қызмет айналысады. Мысалы, ветеринар мамандар жануарларға вакцина салып, чип тағады, басқасы оларға жемшөп, азығын береді. Сол сияқты аң-құстардың мекендейтін торын тазалау жұмысы жүреді», - дейді ол.

Сондай-ақ, спикер жануарларды күтіп-баптау мен оларды азықпен қамту ауқымды жұмыс екенін айтып өтті.

«Айталық, әр жануардың өзіне тән азығы бар және жануарларды қоректендіру уақыты әртүрлі. Біздің мамандардың жұмысы таңғы сағат 6-дан басталады. Тағы бір жайт, қысқгүні кейбір құстарға қиынға соғады. Себебі олар жылы жақты мекендейтін құстар. Тәжірибе алмасу және өзара қолдау мақсатында Алматы және Қарағандыдағы зообақпен үнемі байланыстамыз», - деді Ш. Оразалин.

Айта кетсек, аталған зообақтағы жануарларды Бурабайға барған туристер мен демалушылар тамашалай алады. Кіру ақылы.


Соңғы жаңалықтар