Бурабайда видеоға түсіп қалған бір үйір қасқыр ит болып шықты

None
None
БУРАБАЙ. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желіде тараған Бурабай көлінде жортып бара жатқан бір үйір қасқыр шын мәнінде ит болып шықты. Бұл туралы Ақмола облысы аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мамандары айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бурабай» МҰТП дирекциясы Бурабай көлінің үстімен жортып бара жатқан қасқырлар туралы әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбаға 30 қаңтарда инспекторлар тобы зерттеу жүргізді.

«Видеожазбада көрсетілген көлдің жағалау аумағы, сондай-ақ, іргелес орман алқаптарында қасқырлардың ізін анықтау жұмысы қолға алынды. Алайда, бейнежазбада жортып бара жатқан «қасқырлардың» ізі ымырт кезінде тамақ іздеп мұзға шығатын иттердікі болып шықты» дейді ведомстводан.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде Бурабай курорты аумағында бір үйір қасқырдың жүргені туралы видео тараған болатын.

«Бурабайда қасқырларды көру - сирек кездесетін жағдай, сол себепті кент тұрғындары таң қалып отыр.

Куәгерлердің айтуынша, бір үйір қасқыр кеше түнде айдың сәулесімен Бурабайдағы мұз қатқан көлдің көгілдір шығанақ тұсымен жортып өткен.

Желі қолданушыларының пікірлері екіге бөлінді: біреулер тек қасқырлар осылай қозғалады десе, ал өзгелері бұл қаңғыбас иттер екенін айтады.

Сонымен, кеше түнде Бурабай тұрғындарын дүрліктірген не?» делінген бейнежазбаның астында.

Соңғы жаңалықтар