Бурабайда тұтанған өрт Smart жүйенің көмегімен жылдам сөндірілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бурабайда демалушылар түнде алау жағып, Көкшетау (Синюха) биігінде өрт шықты. Жалынды Smart Burabay мониторинг жүйесі тіркеп, ұлттық парк инспекторларына нақты координаттары берілген. Бұл туралы Президент Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев телеграм каналында жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кеше түнде, сағат 23:30-да Президент Іс Басқармасына қарасты Smart Burabay мониторинг жүйесі Синюха тауындағы өртті тіркеді. ПІБ диспетчерлері өрттің нақты координаттарын шұғыл есептеп, оларды Бурабай ұлттық паркінің инспекторларына берді», - дейді Айбек Дәдебаев.

Бурабай орман шаруашылығының қызметкерлері тау басына бір сағатта шыққан. Себебі, бұл тауға күндіздің өзінде шығу қиын, ал түнде тіпті тастарға жанасып көтерілуге тура келген.

Белгілі болғанындай, өрт түнгі алаудан тұтанған. Толығымен сөндірілді. Ал, Бурабай курортына демалуға барған үш саяхатшыға ҚР ормандарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 306 300 теңге айыппұл салынады. Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 367-бабы 3-бөлігінде 100 АЕК көлемінде айыппұл қаралған. Егер ол бір апта ішінде төленсе, онда соманың жартысы қысқарады.

Айта кетсек, Smart National Park Burabay жүйесі 2020 жылдың 1 желтоқсанында іске қосылды. Ол Бурабай ұлттық паркінің көкжиегін түгелдей, яғни 129 мың га астам аумақты автоматты түрде бақылай алады.

Бұл жүйенің жұмыс принципі медициналық томограф іспетті. Камера шеңбер бойымен қозғалып, әр айналымда фотосуреттер түсіреді. Қауіпті жерлер болса, қызыл контурмен белгіленіп, жедел басқару орталығының пультіне сигнал береді. Бұл жұмыс онлайн режимде жүргізіледі.

Орталық операторының түсірілген кадрларды жақындатып қарауға мүмкіндігі бар. Ол қауіптілік дәрежесін талдап, нақты координаттарды анықтайды. Мұнан кейінгі іс-қимыл жағдайға қарай қабылданады. Мәселен, өрт тұтанған болса, Smart жүйемен дәл көрсетілген орынға Бурабай ұлттық паркінің бригадасы жіберіледі.

Айбек Дәдебаевтың айтуынша, осы заманауи ақпараттық жүйе іске қосылған алғашқы жылы өрттен келтірілген залал 16 есе азайған. 2020 жылы өрттің орташа ауданы - 84 га, ал әрекет ету уақыты - 30 минут болса, 2021-де өрт аумағы 6 есеге, әрекет ету уақыты 10 минутқа дейін қысқарды.

«Бурабай» ұлттық паркі – ерекше қорғалатын аумақтардың табиғи байлығын сақтау үшін сандық мониторинг жүйесін табысты пайдаланатын елдегі жалғыз саябақ.

«Аталған жүйе өрттерді ғана емес, сонымен қатар ұлттық парктегі басқа да қауіпті құқық бұзушылықтарды тіркейді. Біз бұл жобаның мүмкіндіктерін кеңейткіміз келеді және аудандық әкімдіктерге күзет аумағын мониторингілеу үшін ұялы байланыс операторларының мұнараларына камералар орнатуды қарастыру жөнінде хаттар жолдадық», - деп түйіндейді Президент Іс басқарушысы.



Соңғы жаңалықтар