Бурабайда швейцариялық стандарт бойынша туристік маршрут пайда болады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Щучинск – Бурабай курортты аймағында швейцариялық «Burabay - Switzerland» стандарты бойынша туристік маршрут пайда болады. Бұған Ақмола облысының туристік саласы мен билік органдарының өкілдері және Швейцариядан келген қонақтардың осы мақсатта орнатылған белгі тақтайшаны ашу рәсімі арқау болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шара швейцарияның ұлттық музыкалық аспабымен орындалған сазды әуенімен ашылды. Сонымен қатар, қазақтың қара домбырасымен күй орындалды.

Жиналған жұрт алдында құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Республикасындағы Швейцария Конфедерациясының Төтенше және Өкілетті елшісі Урс Шмид екіжақты әріптестік байланыстың нығайып келе жатқанын атап өтті.

«Бүгін біз «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен «Switzerland Tourism» компаниясы арасында әріптестік туралы қол қойылған меморандум шеңберінде алғашқы қадам жасап отырмыз. Біздің екіжақты әріптестігіміздің басты мақсаты, екі ел арасында тәжірибе алмаса отырып, туризмді дамыту және туристер санын арттыру. Осы ретте, біздер үшін «Қазақстандық Швейцария» аталатын Бурабай курортында бірлескен жобаны жүзеге асыру өте қолайлы. Қазақстанда ұзақ жылдар бойы Швейцарияның қырықтан астам компаниясы жұмыс істеп келеді. Швецарияда оқитын қазақстандық студенттердің 95 пайызы «Қонақүй туризмі» мамандығы бойынша білім алуда. Алдағы уақытта да екіжақты әріптестік байланысты дамыта беретін боламыз. Ол үшін барлық мүмкіндік бар», - деді Урс Шмид өз сөзінде.

Ал, аймақ басшысының орынбасары Марат Иғалиев мәртебелі меймандарға Ақмола облысы әкімі Ермек Маржықпаевтың сәлемін жеткізе келе, Щучинск – Бурабай курортты аймағындағы швейцариялық «Burabay - Switzerland» стандарты бойынша туристік маршруттың алғашқы белгісі Бурабайдағы Абылай хан алаңында орнатылып отырғанына ерекше тоқталды.

Сонымен қатар, шарада «Switzerland Tourism» компаниясының жаңа нарық және арнайы жобалар жөніндегі директоры Федерико Соммаруги, «Бурабай» МҰТС директорының орынбасары Азамат Баймұқанов және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ департаментінің өкілдері сөз сөйледі.

Айта кетейік, аталмыш меморандум аясында швейцариялық тарап Қазақстанның ұлттық саябақтары мен таулы жерлерінде жыл бойына туризмді дамытуға атсалыспақ. Әсіресе, шаңғы инструкторлары мен тау гидтерін даярлауда швейцариялық стандартты енгізу және бейімдеу қарастырылып отыр. Бұдан бөлек, екіжақты тур өнімдерді жылжыту, ақпарат алмасу және халықаралық әріптестікті дамыту көзделген.


Соңғы жаңалықтар